
Әкімшілік қысым емес, әріптестік керек
Президенттің Жолдауында айтылған кәсіпкерлікке қатысты бастамалар – біз үшін үлкен қолдау әрі сенімнің белгісі. Шын мәнінде, шағын және орта бизнес ел экономикасының қозғаушы күші болуы тиіс. Қазір біздің сектордың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға жетуі – айтарлықтай жетістік. Бірақ өнім өндіретін кәсіпкерлердің үлесі әлі де аз екені рас. Бұл – бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін шешілуі тиіс мәселе.

Жолдауда атап өтілгендей, заңнаманың күрделілігі, нормалардың бір-біріне қайшылығы бизнестің дамуына кедергі болып отыр. Мұндай жағдайда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан құрылатын Интеллект арқылы реттеу орталығынан үлкен үміт күтеміз. Бұл бастама жасанды интеллект көмегімен заңнаманы жеңілдетіп, түсінікті әрі қолайлы етуге жол ашады.
Біз үшін ең бастысы – артық тексерістер мен әкімшілік қысымның азаюы. Президенттің мемлекеттік органдарға ескерту жасап, «қатаң шара қолданғаннан гөрі кәсіпкерді қолдау керек» деген тапсырмасы – бизнестің тынысын кеңейтуге арналған нақты қадам.

Кәсіпкерлік кодекске сәйкестікті тексеріп, міндетті талаптар тізімін енгізу де бізді артық кедергілерден қорғайды деп сенеміз. Әсіресе ауыл-аймақтағы шағын бизнес үшін мұндай жеңілдіктердің маңызы зор.
Жолдауда көтерілген бастамалар жүзеге асса, кәсіпкерлердің әлеуеті толық ашылып, елдің экономикалық дамуына жаңа серпін беретініне сенімдіміз. Ең бастысы – мемлекет пен бизнес арасындағы сенім мен әріптестік нығая түсуі керек.
Асқар САППАЕВ,
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, кәсіпкер