«Айсұлтан» неге айыппұл төлейді?

  Махамбет ауданының аумағында орналасқан «Айсұлтан» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қоры» АҚ филиалынан егін егуге 5 миллион 400 мың теңге көлемінде несие алған болатын. Бизнес-жоспарға сәйкес, шаруашылық бес гектар жерге картоп, ал, үш гектарға жеміс-жидек салуы тиіс. Алайда…

   Егінін уақытында екпеген соң, жемісін де көре алмаған шаруагер қып-қызыл шығынға батып отыр. Осы мәселеге орай, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес жиын өткізді. Аталған шаруашылық өкілі Хайырлы Жұмағазиевтің айтуынша, несие алу үшін құжаттар дайындауға біраз уақыт кеткен. Ол өтінімді ақпанда беріп қойғанымен, қаражат өткен жылдың маусым айында ғана түскен. Бұл уақытта отырғызу мерзімі өтіп кеткендіктен, шаруа картоп екпеген. Жеміс-жидектердің тұқымын сатып алуға да кеш қалып, сондықтан базардан да-йын көшеттер сатып алған. Уақытылы отырғызылмағандықтан, олардың басым бөлігі шықпай қалған. Сол себепті шаруа аз өнім алған.

    Сонымен қатар, бизнес-жоспарға сәйкес, аумақты қоршауға 800 мың теңге қарастырылғанымен, оған 2 миллион 400 мың теңге қаражат жұмсалыпты. Шаруа қалған қаражаттың үстіне өз қалтасынан 500 мың теңге қосып, «Первомайский» ЖШС-нен тайыншалар сатып алған. Несиені қайтару үшін малды қыста бордақылап, келесі жылы сатпақ болған.

   Ендеше, кәсіпкер неге шағымданады? «Несие сомасынан қалған қаражат шотта қалуы тиіс дейді. Енді, ай сайынғы төлемді қалай төлеймін? Жеңілдік мерзімі аяқталды. Пайызымен қоса есептегенде, бір жылғы несие сомасы 500 мың теңгені құрайды. Бизнес-жоспарда ауытқушылық болғанын мо-йындаймын. Бірақ, қаражатты басқа мақсаттарға емес, шаруа қожалығы үшін жұмсадым емес пе?» деді ол.

    Кәсіпкер қыркүйек айында алған қаржыны жұмсағаны жөнінде есеп бере алмады. Нәтижесінде, «қарызға алған қаражатты мақсатсыз жұмсады» деген айыппен қор шаруа қожалығын сотқа берді. «Маған несиенің барлық сомасын, оған қоса 25 пайыз айыппұл төлеу міндеттеліп отыр. Сөйтіп, қарыз сомасы 6 миллион 750 мың теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығында мұндай жағдайлар жалғыз-жарымды шаруалар арасында жиі болып тұрады. Егер олардың бәрін сотқа берсек, не болады? Мен несиені төлеу мерзімін бір жылға ұзартуды ғана сұраймын. Күзгі жиын-терімнен соң, барлық қарызды қайтаруға сөз беремін немесе кепілге қойған пәтерімнен айырыламын» дейді кәсіпкер.

  Қор өкілі Нұргүл Шынаева келісім-шартта мал емес, егін шаруашылығы көрсетілгенін алға тартады. Ал, кәсіпкерлер палатасы Атырау филиалы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, қор сол кезде несие беруден бас тартуы тиіс болатын. Сонда борышкер қыста пайдаланбаған несиесі үшін алым төлемес еді. Қорытындылай келіп, кеңес мүшелері мәселенің мәнісін терең зерттеп, «қордың не-сиелендіру ережелеріне өзгерістер енгізу қажет» деген бай-ламға келді. Палата өкілдері осы дауды соттан тыс тәртіпте реттеуді қолға алатындығын айтты.

А.ШАМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз