Жарнама
Экономика

Аймақ энергетиктері алдыңғы шепте

Көктемгі су тасқынымен күреске Атырау энергетика кешеніне кіретін кәсіпорындар да күш-мүмкіндіктерін жұмылдыруда. Бұл туралы энергокешен баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Рақымжанқызы хабарлады.


Атырау Энерго кешенінің басқарма төрағасы Алтынбек Қаршегеновтың айтуынша, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабпен келісілген жоспарға сәйкес, қазір атыраулық энергетиктер өздеріне бекітіліп берілген 22-ші учаскеде (Алмалы ауылдық округінің аумағы)  жаға бекіту нысандарының құрылысымен, бұрыннан бар бөгеттерді биіктетіп, бекемдеу шараларымен шұғылдануда. Мұндағы дамбының жалпы ұзындығы — 1 шақырым.
Айта кету керек, энергокешен құрамындағы құрылымдар облыстық штабтан берілген тапсырмаға сай дамбы тұрғызудан бөлек, тасқыннан қорғануға қатысты жоспарлы жұмыстардың тәулік бойы үзіліссіз жүргізілуін қамтамасыз ету үшін жағалауды жарықтандыру бағандары орнатылған. Оған қоса, тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен тоқтаусыз қамту мақсатында кәсіпорындардың теңгеріміндегі өндірістік нысандар мен жабдықтардың қауіпсіздігін сақтауға, ақауға ұшырауына жол берілмеуіне айрықша назар аударылған. Осы бағыттағы жұмыстар бойынша құзырлы мекеме басшыларын да сөзге тартқан едік.


Мақсот ӘЛЕНОВ, Атырау жылу-электр орталығы» АҚ президенті:

– Акционерлік қоғамына қарасты өндірістік мақсатта пайдаланылған суды салқындату каналының «Көшкінбай» және ,,Салон мокрое» елді мекені тұсындағы 500 метр ұзындықтағы жағалау бөлігіндегі бөгет нығайтылды. Сонымен бірге, Перетаска өзегінің Жайық өзеніне құяр тұсынан бастап Азаттық даңғылына дейінгі 1,5 шақырым қашықтықтағы сорапты су көтеру стансасы аралығындағы учаскеге бөгет соғылды. Осындай жұмыстар өзге де учаскелерде жалғасты. Кәсіпорыннан тасқыннан қорғану жұмыстарына барлығы 130 адам, бірнеше бірлік техника тартылды.

Мейірбек ҒҰБАШЕВ, «Атырау-Жарық» АҚ президенті:

–Қазіргі уақытта Ойыл және Жем өзендерінің тосын мінез танытуынан  төтенше жағдайдың зардабын шеккен Қызылқоға, Жылыой аудандарында қиын жағдай қалыптасты. Әсіресе, Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласының басым бөлігі тасқын судың астында қалды. Соның салдарынан көптеген үйлер мен кәсіпкерлік нысандары жарамсыздыққа ұшырады. Сөйтіп, шаһардағы 1 242 жеке және 52 заңды тұлға (абонент) уақытша қуат көзінен ажыратылды. Подстансалардың, бағандардың айналасы топырақ толтырылған қаптармен (30 мың дана), қоршалып, басқа да ылғал өткізбейтін материалдармен қапталды.  Тоқтан ажыратылған абоненттер біртіндеп қуат көзіне қосылуда. Жоспарланған жұмыстарға аудандардағы бөлімшелердің ұжымдары мен олардың теңгеріміндегі арнаулы техникалар жұмылдырылды.
Бүгінгі жағдайға келсек, су басуы ықтимал Атырау қаласы, Индер, Махамбет, Мақат аудандарындағы құрылымдық бөлімдер бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күшейтілген жұмыс кестесіне  көшті. 

Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ, «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті:

– Жылу беру орталықтарына тартылған құбырларды төсеген кезде салынған темір-бетон каналдар  (лоток) арқылы ылғал ену мүмкіндігі ескеріліп, оларды айналдыра топырақ толтырылған қаптар қойылып, басқа сақтық шаралары алынды.
Өзен жағалауына таяу маңдағы жылу тарату бекеттерін (барлығы 15 бірлік), басқа да нысандар мен жүйелерді өр суының келуінен қорғап, өндірістік тапсырмаларды орындау кезінде қауіпсіздік техникасының қатаң сақталып, адам өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер тумас үшін  қажетті амал-әрекеттер жасалынды. Келесі кезеңде қала аумағындағы 40 жылу беру бекетін тасқын судан қорғап қалу бойынша бөлек жоспар жасақталды.

Тұрлан ДОШАТОВ, «АтырауЭнергоСату» ЖШС директоры:

–Меншігімізде жер жұмыстарын жүргізетін арнаулы техникаларымыз болмағанымен, біздің кәсіпорын да ортақ іске өзіндік үлесін қосып, атсалысуда. Облыс орталығы — Атырау қаласы мен аудандарды қосқанда 400-ге жуық адам су тасқынынан қорғану бағытындағы жұмыстарға белсене араласуда.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button