АЭС: негізгі энергия өндіруден артықшылығы неде?
Соңғы жылдары елімізде электр энергиясын тұтыну көлемінің айтарлықтай өсуінен оның тапшылығы да арта түскен. Осыған байланысты бүгінде негізгі энергия өндірудің баламалы көздері іздестірілуде. Бұл тұрғыда кейінгі кездері жиі көтеріліп жүрген заманауи үлгідегі, қауіпсіз атом электр стансасын салудың мүмкіндіктері зерттеліп, зерделенуде.
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Тақырып төңірегінде ұсыныс-пікірлер ескеріліп, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бұл мәселені референдумға шығаруды ұсынғаны да белгілі. Атом электр стансасының қоршаған ортаға тигізетін әсері, қауіпсіздігінің кепілдіктері жайында республиканың бірқатар өңірінде қоғамдық талқылаулар да өткізілген.
Мәселен, еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласында ядролық физика саласындағы отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен «Атом энергетикасы және оның ресурстық базасын дамыту» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» барысында атом электр стансаларының артықшылықтарына назар аударылған. Сарапшы-мамандардың пайымдауынша, АЭС құрылысы еліміздің ғылыми-техникалық және жоғары білікті мамандарды дайындау бағытындағы әлеуетінің өсуіне, жоба бойынша 8 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға және стансаның өзінде жұмыс істейтін 2 мыңға тарта жергілікті маманды даярлау мүмкіндігі туады.
Сондай-ақ салынатын атом электр стансасының құрылысы біткесін инвесторларға ешқандай міндет жүктелмеген жағдайда, мердігер компания оның пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейінгі жұмысқа да жауапкешілікті өз мойнына алады.
Бір ескерер жайт, қазір электр стансаларын салу кезінде оларды пайдаланудан шығару, қалдықтарын жою немесе кәдеге жарату жөнінде талаптар қойылмайды. Орташа есеппен алғанда, пайдаланудағы электр стансасы 20 жыл жұмыс істейді, содан кейін не болады?
-Күнмен немесе желмен жұмыс істейтін стансаларды алып қарайық. Қазір инвестор оны салады да, ақшаны алған соң ешқандай міндетсіз кете береді. Ал электр стансасын пайдалану уақыты біткен кезде онымен өзіміз айналысуымыз керек болады.
Ал, атом электр стансаларында жағдай мүлдем басқаша. Яғни, АЭС-те қауіпсіздік мәселесі толық реттелген және әрдайым бақылауда ұсталады. Атом реакторлары құнының жартысынан көбін қауіпсіздік жүйесі құрайды. Оған қоса, АЭС-ті пайдалану кезінде және төтенше жағдайда оның қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірнеше қорғаныс деңгейі қарастырылған. Сонымен қатар, біз жобаның қаржы-экономикалық моделін жасағанда радиоактивті қалдықтарды, пайдаланылған ядролық отынды шығару және жою жұмысын оның жалпы құнына кіргізуді ұйғардық, — дейді Тимур Жантикин.
Дәулетқали АРУЕВ