20181005120729

Үнемдей білгеннің ұтары көп

Саясат Экономика

Жолдау жолдарынан:

«Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек».

Елбасы биылғы Жолдауын «Халық табысының өсуі» деген бөлімнен бастады. Бұл тегін емес. Өйткені, мемлекеттің басты құндылығы – халық. Оның әлеуеті жоғары болса, экономика мен басқа да салалар алға басады.

Біріншіден, табыс қайдан келеді? Егер әр адам өзінің жұмыс уақыты мен қажыр-қайратын үнемдеп жұмсайтын болса, тұрақты табысқа қол жеткізе алады. Бірақ, осынау жарықтың жылдамдығымен жарыса дамып жатқан қоғамда бұл да аздық етеді. Демек, адам өзі жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп қалмай, оған өзгелердің де қатысуына ықпал етуі керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мемлекет пен оның азаматтары күш біріктіргенде ғана табысқа кенеледі. Міне, Президенттің «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруымыз қажет» деуі де сондықтан.

Екіншіден, келер жылдан бастап ең төменгі жалақыны 28 мыңнан 42 мыңға дейін (1,5 есе) өсіру көзделуде. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорын қызметкерлерінің (1 миллион 300 мың адам) еңбекақысын қамтиды. Ал, бюджеттік мекемелерде 275 мың қызметкердің жалақысы орташа 35 пайызға өспек. Бұл үшін 2019-2021 жылдары  республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу қарастырылуда.

Үшіншіден, Елбасы нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін қозғады. Өйткені, қазір бағаның өсуі, қаржыландыруға қолжетімділік, банктердің орнықтылығы көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Ұлттық банк пен Үкіметке қаржы және нақты  секторларды сауықтыру, инфляциямен күрес саясатын жүргізу жүктелді. Сондай-ақ, құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да баламалы қаржы құралдарын дамытудың да маңызы зор. Осы орайда зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру ресурстарын тиімді басқару тетігін ойластырған жөн.

«Егер жүктелген іске жауапкершілік танытатын болсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болады. Үкімет тиімсіз әрі уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет» деді Мемлекет басшысы. Сайып келгенде, осы айтылғандардың бәрі де ел экономикасының нығаюына жұмыс жасайтындығына сенім мол.

Жасұлан ӨТЕШОВ,

Атырау облысы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған