АЭС: энергия тапшылығын жояды
Атом электр станциясы — баламалы энергия көзі. Стратегиялық нысан арқылы алынған энергияға салық салынбайды. Өйткені ол экологияны ластамайды. Ал, болашақта көмірден энергия өндіретіндерге карбон салығы салынады. Онда энергияның тарифі еселеп өседі. Өндіріс көлемі күрт қысқаруы мүмкін. Міне, сол кезде энергия тапшылығы мәселесі өзекті болады. Ал, атом электр станциясының экономикалық пайдасы қандай? Бұл туралы Jibek Joly жаңалықтарында жан-жақты шолу жасаған KAZINFORM агенттігінің ақпараттарында баяндалған.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселеге орай пікірлерін білдірген тәуелсіз сарапшылардың пайымдауынша, бүгінде әлемде шиеленіскен геосаяси шиеленістен экономикалық ахуал шатқаяқтап тұр. Газ тапшылығынан Батыс елдерінің біразы қиын жағдайға тап келіп отыр. Оның ішінде, АЭС-і бар Франция ғана «көгілдір отынға» тарығып отырған жоқ. Себебі, Париж газдың жылуына зәру емес.
«Біз атом электр станцияларының игілігін 70 жыл бойы көріп келеміз. Осы жылдар аралығында ешқандай қауіп те, апат та болған емес. Бұл — нағыз қауіпсіз әрі тиімді энергия көзі. Бастысы, барлық технология сақталып, дұрыс пайдаланылуы тиіс», — депті EDF компаниясының Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі басшысы Пьер-Пол Отениссанс.
Тапшылық сезілген сайын тәуелділік арта түседі
Энергия тапшылығы сезілген сайын ғаламдық энергетика жүйесінің АЭС-ке тәуелділігі арта түседі. Қазақстанда да бұл мәселе өте өзекті. Халықтың саны мен кәсіпорындардың қатары көбейгендіктен электр қуатын тұтыну көлемі де күрт артқан. Ал, өндіріс үшін тұрақты энергия көзі керек. Салыстырмалы түрде алғанда, әсіресе республиканың оңтүстік өңірлерінде электр қуаты қат көрінеді. Мәселен, елде биылғы жарты жылда 6 мың мегават энергия тапшылығы байқалған. Елдегі станциялардың 70 пайызы көмірмен жұмыс істейді әрі басым бөлігі әбден тозып, арагідік істен шығып, жөндеу жұмыстарын қажетсінетіндері де жетерлік.
Энергетика министрлігіуіқН атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың айтуынша, осы жылдың алғашқы алты айында елімізде барлығы 60 млрд квт.сағат электр энергиясы тұтынылған. Оның 1 млрд. квт.сағаты Ресейден сатып алынған. Осылайша, былтырдың өзінде бүкіл тұтынылған энергияның 2 пайызын көрші елден алуға мәжбүр болыппыз.
-Ресейден бөлек, Қырғызстаннан да электр қуатын импорттаймыз. Әлбетте, бұл — мемлекет үшін артық шығын. Өзбек ағайын болса, өз атом станциясын салуды жөн көрді. Егер Қазақстан қазірден қамданбаса, оңтүстіктегі көршімізден де тоқ тасымалдауға тура келуі әбден ықтимал, — деп сабақтады сөзін сарапшы.
«Қазақстанда энергиядан тапшылық болса да байқамаймыз, себебі жетпегенін жан-жақтан импорттап ауға дағдыланып алғанбыз. Ал егер атом электр станциясы салынса, біз өзіміздегі тапшылықты толықтай болмаса да жабамыз, сонымен қатар электр қуатын экспорттауға мүмкіндік молынан ашылады», — деп түйіндеді ойын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.
Бұдан ұққанымыз, энергияның тапшылығына байланысты, әзірге оны экспорттау жөнінде әңгіме қозғауға ертерек, бұл уақыттың еншісіндегі мәселе болып қалуда. Ең алдымен еліміздегі қажеттілікті өтеп алуымыз шарт. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда дүние жүзінде экологиялық жағынан қауіпті болып саналатындықтан, көмірден энергия алатын жобалар мүлдем жүзеге асырылмайтын болды. Оның үстіне, мұндай жобалар халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландырылмайды.
Жел мен күн станциялары тұрақты қуат көзі бола алмайды
Осындай ойымен ортақтастасқан Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың сөзінше, «жасыл экономикаға» баланатын жел және күн станциялары тұрақты энергиямен қамтамасыз етпейді немесе сенімді қуат көзі болып саналмайды. «Қазір салынып жатқан жасыл энергия көздері өкінішке қарай, Қазақстанның бүкіл қажеттілігін жаба алмайды. Сондықтан, қайткен күнде атом электр станциясы салынуы қажет. Дегенмен ол станцияның қауіпсіздігі, жаңа технологиясы — бәрі халықаралық стандартқа сай болуы, дүниежізілік деңгейде бақылауда болуы тиіс.
Тәуелсіз сарапшы, белгілі экономист Жәнібек Абдулланың пікірінше, АЭС-тің энергетикалық тиімділігінен бөлек экономикалық пайдасы орасан зор. Егер елімізде атом электр станциясы салынатын болса, кем дегенде 2 000 адам жұмыспен қамтылады, және де оның бестен бірі ядролық сала мамандары болып табылады.
«Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысал келтірсек, өзінің өмірлік қажеттілігін көрсеткен осындай стратегиялық нысандардың бірі — Түркиядағы Аккую стансиясы. Осы объект салынғаннан кейін сол аймақтың экономикасы 12 пайызға дейін өскен. Нәтижесінде, ол жерге мыңдаған жұмыскер келген, инвестиция құйылған,ды, жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты жақсарған» деп ойын қорытты сарапшы.
Станция салынса, қажетті маман да табылады
Әрине, Қазақстан үшін де атом энергетикасы саласы таңсық емес. Әрі елімізде осы сала үшін мамандар даярланып та жатыр. Енді шетелдік университеттермен серіктестікті нығайту — кадр даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етпек. Айтпақ ойын осыған ойыстырған Ғылым және жоғары білім минстрлігінің комитет төрағасы Жанна Есімбаеваның сөзінің түйіні «Ең негізгі контингентіміз — физиктер. Оның ішінде ядролық физика мамандарын даярлауға жыл сайын мемлекеттік білім тапсырысын бөліп келеміз. Қазір жылына шамамен 5 мыңдай грант бөлінеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады» дегенге тірелді.
Сонымен, мемлекет басшысының соншалықты мән беріп, назар аударып отырған атом электр станциясының құрылысын салу мәселесі төңірегіндегі сарапшылар пікірі сан алуын. Алайда, тоқ етерінде олардың бәрі де бір арнаға тоғысқандай. Ең маңыздысы, болашақта құрылысы жоспарланып отырған АЭС халық пен өндірістің қажеттілігін өтеуден бөлек, экономикалық тұрғыдан да тиімділік пентабысқа жетудің кепіліне айналмақ. Атап айтқанда, отандық өнеркәсіп, бизнес, білім мен ғылым салалары мейлінше жедел дамиды. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Табиғи байлығымыздың пайдасы мен игілігін өзіміз көретін күнге жетеміз. Өндіріске жаңа технологиялар мен инвестициялық жобалар көптеп келе бастайды. Өзімізден артылған электр энергиясын сыртқы нарыққа сатудың мүмкіндігі туады.. Ал, бұған дейін электр импортына жұмсалып келген қомақты қаражат ел ішіндегі маңызды деген жобаларға бағытталады.
Дәулетқали АРУЕВ
Фото: ortcom.kz