Ауыл кәсіпкерлігіне – КЕҢ ӨРІС

Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі орта және шағын бизнестің дамуына зор көңіл бөліп отырғаны әмбеге аян. Соның ішінде соңғы уақытқа дейін кенжелеу қалып келген ауыл кәсіпкерлігіне тың серпін беріліп, қолға алған ісіміздің оңға басқанына ерекше разымыз.

Халық игілігі үшін маңызды қадамдарға ұмтылған елімізде түрлі қоғамдық бірлестіктер құрылды. Ауданда алғаш рет 2007 жылдың 25 қазанында кәсіпкерлер ассоциациясы жұмысын бастаған еді, оған 2012 жылдың қазанынан бері жетекшілік етіп келемін. Осы орайда аудан кәсіпкерлерінің тәжірибесі толысып, өркениетті қоғам құруға ұмтылысты ел саясатымен сабақтастыра түскеніне айқын көзім жеткенін де атап айтқым келеді.
Мақат ауданында күні бүгін 1855 кәсіпкер өз таңдауларымен шағын және орта бизнестің жүгін арқалап, кәсібін дөңгелентіп жүр. Өтіп бара жатқан Жылан жылын айтарлықтай жетістіктермен аяқтағалы отырған кәсіпкерлеріміз Мұрат Нақпаев, Қанат Алдияров Польша Республикасының ауыл шаруашылығы мен ауылды дамыту мақсатындағы ХІХ халықаралық аграрлық көрмесіне қатысып қайтты. Олар келешекте тауар өндірудің жаңа технологиялық құпияларын меңгерумен қатар, елімізде өндірілетін азық-түлік тауарлар сапасын жақсартуды қолға алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Ауылдық жерлерде әйелдерге арналған шағын бизнес», «технологиялық бизнесті инкубациялау» бағдарламасын түсіндіру, «Инновациялық бизнес-жоспарларын» нақтылау мақсатындағы семинар-кеңестердің кәсіпкерлерге берер пайдасы зор болды.
Мұның бәрі барды үйлестіре білудегі батылдықтарын дәлелдеп баққан кәсіпкерлердің өз істеріне жауапкершілікпен қарағанын байқатады. Еселі еңбектерінің ертеңгі ұрпағына қоғам азаматтарының үлгі болар тұстары да көп. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қоғамда дені сау азаматтардың болуына талап қойса, халыққа медициналық қызмет көрсетуде 1992 жылдан «Шипажай» тіс емханасын ашып, бір жылда 7940 адамға медициналық қызмет көрсетіп отырған жоғары санатты дәрігер Б.Аманғалиев 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сапалы тамақ өнімін дайындап ұсынуда 2011 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен 3 млн. теңге несие алып, кулинария цехын ашқан Әмірханова Ақжарқын мен 2000 жылдан наубайхана қызметін қолға алып, күніне 1200 нан өнімдерін тұтынушысына ұсынған Нұрбиға Сембаевалардың кәсібі көпке үлгі. Қашанда сауапты істің салмағын сезінген «Рүстем» азық-түлік шағын маркетінің иесі Сағындықов Марат пен «Дания-Атырау» ЖШС-нің бас директоры Төлеуов Бағытжанның халыққа қолжетімді бағамен шағын дүкендері де бар. Сондай-ақ, халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуде Тәңірбергенова Айгүлдің, қандай істің де ұйытқысы болуға дайын тұратын белсенді кәсіпкер Құрманғазиев Мейрамбектің, аудандық мәдениет үйінен 3D форматта кино көрсетілімін ұсынған жас кәсіпкер Жадыра Берікованың талпыныстары мақтан етуге тұрарлық. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесі зор кәсіпкер 1992 жылдан бері «Жігер» шаруа қожалығын ашып, асыл тұқымды мал өсіруді қолға алған Мұрат Нақпаев пен Доссор кентінде, яғни аудандағы ең арзан тауармен тұтынушысын қуантқан «Инабат» дүкендерінің иесі Асылбек Қарабаевтың еңбектері ерен.
Жуырда біз «Жыл кәсіпкері – 2013» шарасын өткіздік. Онда аудан экономикасына өзіндік үлес қосқан кәсіпкерлердің еңбектері сараланып, «Үздік тауар өндіруші» номинациясымен Нұрбиға Сембаева мен Ақжарқын Әмірханова марапатталса, «Үздік медицина саласы қызмет көрсетушісі» болып Аманғалиев Болат, «Үздік тұрмыстық қызмет көрсетуші» болып Тәңірбергенова Айгүл танылды. Ал, Марат Сағындықов пен Бағытжан Төлеуов «Жылдың қайырымды кәсіпкері» атанды. Сонымен қатар, Асылбек Қарабаев «Сауда-саттық саласының үздік кәсіпкері», Мұрат Нақпаев «Ауыл шаруашылығы саласының үздік кәсіпкері», Мейрамбек Құрманғазиев «Белсенді кәсіпкер», Жадыра Берікова «Жас кәсіпкер» номинацияларымен марапатталды.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, бастаған істің баянды болашағын берекелі тірлікке жалғау еткен кәсіпкерлеріміз кемел келешекке де келелі істерімен бағыт алмақ.

Балтагүл ЕДІГЕЕВА,
Мақат аудандық кәсіпкерлер ассоциациясы төрайымы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз