Экономика

Энергия тапшылығынан құтылудың төте жолы

Қазақстанда 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 140,5 млрд. кВт/сағатқа дейін ұлғаяды. Десе де, бұл көлем халық тұтынатын энергияға деген сұранысты өтей алмайды. Сол себепті де республикамызда атом электр станциясын салу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің ресми ақпарат көздерінде жарияланды.

Бүгінгі таңда біздегі энергетикалық жүйе үш аймаққа бөлінеді. Біріншісі — солтүстік аймақ. Бұл өңір жалпы өндірілетін электр қуатының 70%-ын тұтынады. Мұндағы жылу-элнктр станциялары негізінен көмір өндірілетін кен орындарының аумағында шоғырланған. Екіншісі – оңтүстік аймақ. Энергияға тапшылықтың басым бөлігі осы өңірде туындап отыр. Ал, бұл жетпестіктің орны солтүстік аймақтан келетін энергия ағынының есебінен толтырылады. Үшіншісі – батыс аймақ. Онда тек газбен жұмыс істейтін жылу электр станциялары орналасқан. Ал кейбір электр станциялары мұнай және газ кен орындарыны үшін ғана жұмыс істейді. Яғни, халықтың тұтынуы үшін қолданылмайды.
Тағы да статистикаға көз жүгіртсек, елімізде 37 жылу электр орталық магистралі бар. Оның 22-сі жекеменшіктің қолында, 10-ы жергілікті әкімдіктердің қарамағында, ал бесеуі квазимемлекеттік компаниялардың иелігінде. Олардың салынғанына орташа есеппен алпыс жылдан асқан. Ал ең алғашқысы 1934 жылы тұрғызылған Семейдегі жылу станциясы. Бүгінде қолда бар қуаттың тапшылық тудыруына бірден бір себеп, ЖЭС-дағы инфрақұрылымның әбден тозуы болып отыр. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын «KEGOC» АҚ желілері арқылы электр энергиясын беру кезінде 2 767 млн кВт/сағ ысырап болған екен.
Көріп отырғанымыздай, жылу ошақтарының көбі кеңес дәуірінен қалған. «Ескіні жамасаң есің кетед» демекші, олардың жыртығын түгендеумен мәселе біржола шешіліп кетпейді. Ал сүріп тастап, қайта салу айтарлықтай шығынға алып келеді. Мамандар жаңа станция үшін көп инвестиция керек екенін айтып отыр. Оның үстіне қазір әлем елдерінде ЖЭС-ті салу мәселесі ескі көзқарас деп қабылданады. Көмірден ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың қандай болатынын жақсы білеміз. Сондықтан жалпы ЖЭС-ті салу мәселесі тиімді емес екеніне көз жетті.
Электроэнергетика – халыққа қызмет көрсететін сала. Біздің тұрмысымыз толықтай электр қуатына байланып қалды. Қарапайым ұялы телефонымызды қуаттау үшін де соны қолданамыз. Үйдегі тұрмысқа қажетті техниканың барлығы электр энергиясын қажет етеді. Сондықтан жарықсыз отыру нан мен бензинсіз қалғанмен тең. АЭС болашақтағы тұтыну үшін қажет ұзақмерзімге арналған жоба. Бірінші кезекте осы фактілерді ескеру керек.
Оның үстіне, елімізде электр қуаты мен жұмыс істейтін автокөліктердің саны тек соңғы бір жылдың өзінде 65,4 пайызға өскен. Электромобильдердің ең көп саны Алматы, Астана қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Кейінгі кездері электр қуатымен жүретін көліктер республиканың өзге де өңірлерінде, соның ішінде Атырау облысында да есепке алынған. Салыстырмалы түрде азғантай болып көрінгенімен жыл санап электр қуатын тұтынатын заманауи көліктердің үлес салмағының арта түскені аңғарылады.
Осы деректің барлығы онсыз жетпейтін энергия тапшылығын одан сайын күшейте түсері сөзсіз. Ал, атом электр станциясы болса энергия тапшылығынан құтылудың төте жолын тапқан болар едік.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: egemen.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button