Жарнама
Экономика

Экономика жолайрығында

Атырау облысы экономика және қаржы басқармасының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы алты айында облыстағы сауда көлемі 3,45 трлн. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға артық. Өңір ішіндегі сауда өсіп келеді: халық пен бизнес бұрынғыдан көбірек сатып алып, сата бастаған. Сауданың негізгі бөлігін көтерме сауда құрайды – яғни өнім дүкендерге немесе басқа сату орындарына ірі көлемде сатып алынады. Бөлшек сауда – қарапайым дүкендердегі күнделікті сатып алулар – да сәл өсім көрсеткен.

Ал сыртқы сауда керісінше, төмендеген. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында облыс шетелмен 10,8 млрд АҚШ долларына тауар сатып алып, сатқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға аз. Осы соманың 10,4 млрд доллары – экспорт, яғни шетелге тауар сату, ал тек 391 млн доллары – импорт, яғни шетелден тауар сатып алу.

Бұл төмендеудің басты себебі – мұнай экспорты көлемінің азаюы. Атырау облысы – мұнайлы өңір, сондықтан мұнай экспорты азайса, бұл аймақтың экономикасына бірден әсер етеді. Облыс шикі мұнайды шетелге экспорттауға қатты тәуелді. Экспорт азайса – жалпы сыртқы сауда көлемі де төмендейді.

Ал Қазақстан бойынша жағдай сәл жақсырақ. Сол кезеңде ел шамамен 30 млрд долларға тауар экспорттаған (бұл да аздап төмен), бірақ импорт керісінше өсіп, 23,7 млрд долларға жеткен. Яғни, ел бойынша шетелден тауар сатып алу артқан.

Осылайша, ел экономикасы Атырау облысына қарағанда әртараптандырылған. Ал Атырау экономикасы әлі де мұнай саласына тәуелді болып отыр. Сондықтан өңірге басқа салаларды дамыту қажет: өндіріс, өңдеу өнеркәсібі, логистика және тек мұнай емес, дайын өнімді де экспорттау бағытында жұмыс істеу маңызды.

Айта кету керек, Қазақстанда Президенттің Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, мұнай экспорттау бағыттарын біртіндеп кеңейіп жатыр. Мысалы, биылғы алты айда Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт 12%-ға өскен, бірақ бұл бағыттың үлесі әзірге аз – жалпы көлемнің 6%-дан кемі.

Жалпы алғанда, облыс ішінде сауда тұрақты жүріп жатыр – халық сатып алып жатыр, бизнес жұмыс істеп тұр. Ал сыртқы нарықта төмендеу байқалады – бұл мұнайға тәуелді өңір үшін алаңдатарлық белгі.

Дайындаған: Алёна СОЛОДОВНИКОВА

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button