Экономика саласына батыл реформалар қажет
Ұлттық экономика министрі Н.Байбазаровтың 2 желтоқсан күні берген сұхбаты арқылы ел экономикасының ағымдағы жағдайы мен келесі 2025 жылға үкіметтің экономикалық саясатының тұжырымдамасымен танысқан көпшілік әр қилы пікірге қалатыны сөзсіз. Спикердің күні бүгін қаржы нарығында қалыптасқан ахуалды түсіндергенінен гөрі, келесі жылға арналған үкімет шараларын таныстыруы басым болды.
Спикердің негізгі ой-түйіндемесі мынадай болды — үкімет пен оның өңірлік буындары экономика саласын заман талабына сай бағыттау үшін жаңа қадамдар жасайды.
Мәліметтер, цифрлар айтылды, тұжырымдамалар мен оған жұмсалатын қаржы мөлшерлері көрсетілді. Жұмсалатын инвестиция көлемі де артатыны айтылды.
Дегенмен, жұртшылық күткендей экономикада, бюджет жетіспеушілігін азайтатын батыл қадамдар жасау қажеттілігі туралы жаңалықтар аз болған тәрізді.
Үкіметтің келесі жылға жоспарлары көп болғанымен, оның нақты орындалысын уақыт көрсетер.
Күні бүгінгі валюта нарығында болып жатқан өзгерістің басты себебі — өзімізде өндірілетін, өз халқымыз тұтынатын тауарлар мен қызметтердің аздығы, ал сыртқа шығатын экспорттық тауарлардың сапасы мен мөлшері төмендігінен туындағаны түсінікті. Ел экономикасын басқару мен реттеу үшін үкіметке келесі жылы экономика саласында батыл реформалар жасауы қажет. Бағалар мен тарифтерді реттеудің жаңа нұсқасы, монополияға қарсы заңдылықтарды қайта қарау, салық жүйесін тауар өндірушілер мен шағын кәсіпкерлікке ыңғайлы болатындай етіп өзгерту, ауыл тұрғындарына азық -түлік өнімдерін өңдеуіне және саудагерсіз өздері сатуына жағдай туғызу, тағы сондай-сондай кезек күттірмейтін шаралар тұр.
Ал валюта нарығындағы бүгінгі жағдайға келетін болсақ, осы саланың маманы ретінде Қазақстан Ұлттық Банкінің валюта нарығын қалыпқа келтіруде потенциалы мен мүмкіндігінің өте зор екенін айта кеткенім жөн. Ұлттық Банкінің алтын-валюта қоры зор, осы арқылы ол теңгенің нарықтағы бағасын кез келген лайықты деңгейге ұстай алатындығын жұртшылық қаперіне жеткізгенім дұрыс. Азғантай уақытта қаржы нарығының реттелетіні анық шаруа.
Талғат ҚАДЫРҒАЗИЕВ
экономика сарапшысы