Жылыойда балалар коронавируспен жаппай ауырып жатыр деген ақпарат жалған
Бұл туралы Жылыой аудандық ауруханасы директорының орынбасары Клара ТАҒАМБАЕВА хабарлады,-дейді Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
«Қазір әлеуметтік желі арқылы Жылыой ауданынан коронавирусқа шалдыққан бірнеше бала ауыр жағдайда Атырауға жеткізілгені туралы ақпарат тарауда. Атап айтқанда, тұрғындарының бір-біріне жолдаған хабарламаларында, 6 айлықтан 6 жас аралығындағы балалардың комаға түскені жөнінде де өтірік ақпарат айтылады. Бұның бәрі жалған ақпарат»,-дейді Жылыой аудандық ауруханасы директорының орынбасары Клара ТАҒАМБАЕВА.
Оның сөзінше, 5 қаңтарда ауруханаға 3 жасар қыз бала өте ауыр жағдайда түскен. Құрысу, іші өту, сусыздану, жоғары температура, ми ісіну белгілері болған. Мұның бәрі вирус инфекциясының салдары. Нейротоксикозге асқынған. Оны осы күйде облыс орталығына апару мүмкін болмағандықтан Атыраудан санавиациямен жәрдем шақырылған.
Бірақ, мамандардың бірлескен күшіне қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Сол күні түскен тағы бір 3 жастағы ұл бала болса, Атыраудағы жұқпалы аурулар ауруханасына жіберілді. «Ол баланың жағдайы да ауыр еді – онда да жоғары температура, құрысу, мидың ісінуі болды»,-дейді К.Тағамбаева.
Жылыой аудандық ауруханасы директорының орынбасары Клара ТАҒАМБАЕВАның сөзінше, екі баладан да анализ алынған, ковидке қатысты сынама қауіпті инфекцияны жұқтырмағанын көрсеткен. Атап өтерлігі, олардың сушиден уланған Құлсары тұрғындарымен де ешқандай байланысы жоқ.