Нәрестенің жағдайы ауыр: Атырауда жас босанған ана көз жұмды
Атырауда коронавирус инфекциясының ауыр формасына шалдыққан жас босанған әйел көз жұмды. Сәуірдің 7-сі күні босанған әйел арада бір апта өткенде көз жұмды.
Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы тұрақты ауыр.
Қайғылы жағдай №2 Атырау облыстық аурухананың инфекциялық стационарында орын алған.
«Жетінші сәуірде тыныс алудың қиындауын ескеріп, өңірлік сарапшылар тобы мен республикалық мамандардың ұсынымдарына сәйкес, шұғыл түрде кесар тілігін жасау туралы шешім қабылданды. Салмағы 1 490 грамм және бойы 41 сантиметр шала туған қыз бала дүниеге келді», — деп нақтылады Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасындағылар жергілікті «Ақжайық» газетіне берген хабарламасында.
Пациент босану кезінде және босанғаннан кейін инфекциялық стационарда жатқан. Сәби өмірге келгеннен кейін бір апта өткен соң әйелдің жүрегі тоқтап қалды.
Босанған әйелге қойылған негізгі диагноз – «өте ауыр дәрежедегі коронавирус инфекциясы, екіжақты полисегментарлы пневмония».
Қазіргі таңда марқұм болған әйелдің сәбиі облыстық перинаталды орталыққа жеткізілді. Нәресте интенсивті терапия палатасында жатыр, жағдайы тұрақты ауыр.