Медициналық сақтандыру: Пандемия кезіндегі қызмет
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – халық денсаулығын қорғайтын мемлекеттік жүйе. Ал, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – пациенттердің мүддесіне сай тиімді әрі сапалы медициналық көмекті стратегиялық сатып алумен айналысатын қаржылық ұйым. 2020 жылдан бастап жүзеге асырылған аталған жүйе бүгінде қандай өзгерістер алып келді? Оның тиімділігі неде? Сақтандыру аясында салада атқарылған жұмыстар көптің көңілінен шыға ма? Біз осы сауалдарға жауап іздедік.
Дамыған елдер тәжірибесі
Құзырлы құрылымдар өкілдерінің айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі тиімділігі – азаматтар емхана мен дəрігерді еркін таңдап, сақтандыру бойынша əлеуметтік сақтандыру қорымен келісім-шартқа отырған жекеменшік клиникаға да тіркеле алады. Сондай-ақ, тұрғындардың бағасы қымбат тұратын диагностикалық, лабораториялық зерттеулерді тегін алуға мүмкіндігі бар. Бұл жүйе Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарын жасына, əлеуметтік мəртебесіне, тұрғылықты жері мен табысына қарамастан, тең дəрежедегі медициналық жəне дəрілік көмекпен қамтамасыз етеді.
- – Бірқатар дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін осындай жүйені таңдаған. Сондықтан, мұның əрбір қазақстандыққа қажетті медициналық көмек алуда тигізер пайдасы зор. Осы жүйе бойынша стоматологиялық көмек алуға да жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бұл үшін пациенттер МƏМС бойынша қызмет көрсететін стоматологиялық клиникаға жүгінуі қажет. Емханадан жолдаманың болуы міндетті емес. Ал, мұндай қызмет көрсететін емханалардың тізімін қордың сайтынан табуға болады, — дейді «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сəбит Құралбек.
Стоматологиялық қызмет – тіс жұлу жəне химиялық пломба орнату – 18 жасқа дейінгі балаларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, І, ІІ, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, «Алтын алқа», «Күміс алқалы» аналарға, атаулы əлеуметтік көмек алушыларға, зейнеткерлерге де көрсетіледі. Мұндай жоспарлы көмек жүкті əйелдерден басқа балаларға да қолжетімді. Мамандардың сөзінше, сапалы қызмет алуда медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі көп. Облыста биыл 63 денсаулық сақтау мекемесі қор филиалымен келісім-шартқа отырды. Оның ішінде 32-сі мемлекеттік, 31-і жекеменшік. Былтыр орын алған пандемия жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурстары коронавируспен күресуге бағытталды. Ел бойынша медициналық мекемелер тəуліктік вахтаға кірісті.
Пандемия кезіндегі қызмет
С о л к е з е ң д е м е д и ц и н а л ы қ сақтандыру қорының жұмысы қалай жүзеге асты? Бұл сауалға филиал басшысы С.Құралбек былайша жауап берді.
- – Медициналық сақтандыру қоры пандемия кезінде инфекцияны емдеу жəне алдын алу бойынша барлық ісшараларды қаржылай қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Былтыр пандемияға байланысты COVID-19-бен күрес жұмыстарына 5,9 млрд. теңге жұмсалды. Өткен жылы 20 сəуірден бастап шағын жəне орта кəсіпкерліктің 29 санаты жарна төлеуден босатылды. Яғни, жеке кəсіпкерлер қызметкерлерінің еңбекақысынан жарна мен аударымдарды ұстамайды, бірақ қызметкерлер медициналық сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерді толықтай алуға құқылы болды. Бұл үшін шағын жəне орта бизнес субъектілері сақтандырылған мəртебесін беру үшін, қызметкерлерінің ЖСН-ін қордың ақпараттық жүйесіне жүктеуі қажет. Одан əрі мəртебе медициналық ақпараттық жүйеге ауысып, осы қызметкерлерге МƏМС пакетінен медициналық көмек алу мүмкіндігін береді. Алайда, шағын жəне орта бизнес субъектілері өз қызметкерлерінің мəліметтерін дерекқорға енгізуі бүгінде тек 65 пайызға ғана орындалып отыр, — деді Сəбит Райымбекұлы.
16137 шағын жəне орта бизнес субъектісінің 14 мыңнан астамы – дүкен, шаштараз, мейрамханасы бар жеке кəсіпкерлер, адвокаттар мен нотариустар. Былтырғы наурыздағы мəлімет бойынша облыста «сақтандырылмаған» азаматтар саны 38650 болған. Пандемияға байланысты с ақт андырылмаған азаматтардың саны бүгінде күрт өсіп кетті. 15 санат бойынша жеңілдігі бар азаматтар бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы 42500 теңге көмек ақша алды. Ал, бірыңғай жиынтық төлемді заң бойынша өзін-өзі қамтыған азаматтар төлеуі тиіс болатын. Осылайша жеңілдік санаттағы азаматтар өз мəртебелерін сақтап қала алмады. Бұған қызметкерлердің жұмыссыз қалуы да басты себеп. Қазіргі есеп бойынша облыста 80597 адам сақтандырылмаған. Олардың сақтандырылған азаматтармен тең дəрежеде дəрігерлік қызмет алуы биыл 1 сəуірге дейін ұзартылды. Ал, əрі қарай олар денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтерді тегін алуы үшін мəртебелері анықталып, сақтандырылуы тиіс.
Бұл туралы жуырда облыс əкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова əкімдікте өткен жиында атап көрсеткен еді. Енді бұл міндеттің орындалуы қандай?
- – Айына екі рет сақтандырылмаған а з а м ат т а рд ы ң т і з і м і б а с т ап қ ы медициналық санитарлық көмек көрсететін медициналық мекемелерге тұрақты түрде жолданып келеді. Қала жəне аудан əкімдеріне айына бір рет ақпарат ұсынылып отыр. Сондай-ақ, сақтандырылмаған əр адам 1 сəуірге дейін мəртебесін анықтауға мəн беруі керек, — деді қор филиалының басшысы.
Сақтандырылмағандардың дені – медициналық сақтандыру жүйесіне мүлдем жарна төлемегендер. Ал, тиісті заңдылықтарға сəйкес азаматтардың соңғы 12 айдағы берешегі қаралады, жарна төленбеген айлар үшін əр айға 2125 теңгеден – жалпы сомасы 25000 теңгеге дейін төлеуі қажет. Азаматтар бұл қаражатты түрлі себептермен төлей алмай жатады. Ал, бірыңғай жиынтық төлем үшін өткен айлардағы берешегі сұралмайды, яғни, азамат ағымдағы жəне алдағы үш ай үшін қала тұрғыны бір айлық есептік көрсеткіш 2917 теңгеден (11668 тг.), ал ауыл тұрғыны соның жартысы 1459 (5836 тг.) теңгеден жарна аударса, мəртебесі төртінші айдан бастап «сақтандырылған» болып өзгереді. Мəселен, биыл наурыз, сəуір, мамыр айлары үшін бірыңғай жиынтық төлем төлейді де, тегін медициналық қызметті тек маусымнан бастап ала алады. Ал, осы кезеңнен бастап, əр айдың басында жарнаны тұрақты түрде төлеуді жалғастыра береді.
Шағымдар ескерусіз қалмайды
Медициналық қызметті алу барысында кез келген келеңсіздік бола қалса, тұрғындар «1406» байланыс орталығына хабарласуы тиіс. Сондай-ақ, «Qoldau-24/7» мобильдік қосымшасының қызметіне жүгіне алады. Қосымшаның басты қызметі – халыққа медициналық көмек бойынша кеңестер беру, азаматтардан шағымдар мен өтініштерді қабылдау. Сонымен қатар, медициналық қызметтің сапасына баға беруге мүмкіндік туғызу. Биылдан бастап қосымшаның қазақ тіліндегі үлгісі қайта жаңартылды. «Qoldau-24/7»1406 байланыс орталығымен интеграцияланған. Яғни, медициналық сақтандыру жəне пациенттердің құқықтары туралы өтініштер тəулік бой ы қабылданады. Азаматтардың барлық өтініштері өңделіп, тіркеу нөмірін көрсетумен өтініштер тізіміне енгізіледі. Одан əрі, қажет болған жағдай да белгіленген уақытында шешім қабылдау үшін өтініштер сараптамаға жіберіледі. Сосын өтініш берушінің қосымшасындағы аккаунтына жауап беріледі.
Бүгінде аталған желілер арқылы облыс бойынша 21311 қоңырау қабылданған. Оның 20 020-сына кеңес берілсе, 213-і – шағымдар, 11-і – алғыс жəне 3-еуі ұсыныс ретінде тіркелген. Шағымдардың 46-сы «Qoldau 24/7» мобильдік қосымшасында қабылданған. Басым бөлігі «Медикер Жайық», «QAMQOR QP2» жəне №1 қалалық емханаларының, облыстық аурухананың қызметіне қатысты.
«Жасырын пациент»: тексеру нені көрсетті?
С т а ц и о н а р д а к ө р с е т і л г е н медициналық қызметтің сапасына көңілі толмау, қымбат диагностикалық көмекті ала алмау, госпитализациядан бас тарту, басқа да шағымдар жиі тіркеледі. Медициналық мекемелердің қызмет сапасын арттырып, шағымдардың алдын алу – қор филиалының басты назарында. Өңірде бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін мекемелердің тіркеу бөлімі қызметкерлерінің біліктілігін анықтау мақсатында «Жасырын пациент» бағдарламасы бойынша 4 кезеңде қоңырау шалынды. Нəтижесінде, 100 ұпайлық көрсеткіштен ең үздік көрінгені 70 ұпай жинаған. Биыл тағы да сол деңгейден асқан жоқ. Бағалау нормативтерінің бұлайша төмен болу себебін қор филиалының басшысы медициналық қызметкерлердің ақпаратты жетік білмейтіндігімен түсіндірді.
- – Тіркеу бөлімінің жəне байланыс орталығының қызметкерлері барлық пакеттері туралы əлі күнге дейін толық жауап бере алмай отыр. Қорға жарнаны қалай жəне қайда төлеу керек деген сұраққа мобильдік ақпараттық жүйелерден азаматтың ЖСН-і арқылы қарап айтудың орнына, «1406» байланыс орталығына хабарласуға кеңес береді. Мамандардың біліктіліктерін арттыру үшін желтоқсан айында облыста міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жəне тегін медициналық кепілдендірілген көмек кепілі пакеттері бойынша кең көлемді оқыту ұйымдастырылды, — деді филиал басшысы. Оқыту соңында жүргізілген тестілеу нəтижесі 80% болды. Мұны 100%-ға жеткізу үшін медицина мекемелерінің басшылары өз қызметкерлерінің біліктіліктерін үнемі арттыру, олардың тұрғындарға сапалы жəне мазмұнды түсініктер беруін қамтамасыз етуі қажет.
ТҮЙІН.
МӘМС жүйесінің енгізілгеніне жылдан асты. «Сақтандырылған» азаматтар тиісті заңдылық шеңберінде ай сайын көрсетілген жарнаны төлеп жатыр. Түскен шағымға зер салсақ, денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтерге пациенттердің көңілі толмайды. Ал, құзырлы орган өкілдері қордаланған түйіндер шешілсе, қызмет көрсету сапасы керемет болатынына сендіріп отыр. Ендеше, «шетелдіктерден алынған тәжірибе толықтай өз жемісін берер күн жақын болғай» деген үкілі үміт бар.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Ақмарал ӨТЕҒҰЛОВА:
Емханадағы қызмет қолжетімді емес
- – Біз отбасымызбен Атырау қаласындағы Жұмыскер амбулаториялық учаскесінде тіркеудеміз. Бірде өзім сырқаттанып, невропатологтың кеңесі қажет болды. Емханаға қаралуға бел будым. Дəрігерге жолдама алу үшін учаскелік терапевтке дер кезінде кіре алмадым. Өйткені, ол дəрігер түске дейін жұмыскерліктерді, түстен соң Рембаза ауылының тұрғындарын қабылдайды, келесі күні балаларды тексереді деген сияқты ауыспалы режиммен жұмыс жасайды. Оның кеңесінен өткен соң ғана келесі дəрігерге жазылуға жүгінеміз. Мұның өзіне бірнеше уақыт керек. Өйткені, кез-келген мемлекеттік емханадағы дəрігерлерге бір күнде қалаған уақытыңда барып, тексеріліп шығу қиын. Бірі болса, бірі жоқ. Амалсыздан, ақылы клиникалардың қызметіне жүгінеміз. Міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын жарна төленіп жатыр. Десек те, біз тіркелген емханадағы қызмет əлі ақсап тұрғаны шындық. Сол себепті маған МƏМС аты бар болғанымен, заты жоқ дүние секілді көрінеді.
Гүлүзім БАУЫРЖАНОВА:
Жарна шын мұқтаждарға жұмсалса игі
- – Мен Махамбет ауданындағы емханалардың бірінде тіркеудемін. МƏМС жүйесіндегі қызметтерге көңілім толады немесе толмайды деп айта алмаймын. Өйткені, осы кезге дейін денсаулық сақтау мекемесіне барып, дəрігерлік көмекке жүгініп көрмеппін. Республикада аталған жүйе енгізілгелі бері сақтандырылған азаматтар қатарында ай сайынғы жарнаны мен де төлеп жатырмын. Бұл қаржы жалпы қорға түсіп, ол медициналық қызметтің сапасын арттыруға жұмсалып жатса игі ғой. Өйткені, қаражаттың игілігін расымен де медициналық қызметке шын мұқтаж жандар көрсе екен деймін.