Коронавирусқа қарсы бүкіләлемдік вакцинация қашан басталады?
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова онлайн брифинг барысында коронавирусқа қарсы вакцинация туралы айтты.
Маманның айтуынша, инфекциямен күрестің басты тәсілі — вакцинация болып отыр.
«Коронавирус үнемі болған. Ғалымдар бұл вирустың бірнеше түрін біледі. Бірақ вируспен көбіне жануарлар — ит-мысықтар, құстар ауыратын. Қазір адамдарға жұғатын коронавирустың бірнеше түрі белгілі. Оның бірі — өткір респираторлық SARS инфекциясы мен таяу шығыстық MERS инфекциясы. Пандемия басталғанда MERS пен SARS вакцина негізі болған. Қазір барлық ғылыми орталықтар сол негізге арқа сүйей отырып, коронавирус вакцинасын ойластырып жатыр»,- деді ол.
Қазір әлемде коронавирусқа қарсы барлық жаһандық ғылыми орталықтар күш біріктіріп жатыр. Оның ішінде ДДСҰ мен БҰҰ басты рөл ойнайды.
«Бұл ұйымдар арнайы қор құрды. Бұл қор 40 вакцинаны жүргізеді. 2021 жылдың ортасына таман бүкіләлемдік вакцинация басталады. Ары кеткенде келер жылдың соңына дейін вакцинация аяқталуы тиіс. Оның ішінде 40 мемлекетке вакцина тегін жеткізіледі. ДДСҰ таратқан ақпаратқа сенсек, Қазақстан бұл елдер қатарына кірмейді. Біз өзіміз вакцина сатып аламыз. Мүмкін халықаралық көмек көрсетілер», — деді ол. Ең бастысы, вакцина — қауіпсіз әрі тиімді. Маманның айтуынша, халықаралық тәжірибеге сәйкес 1 вакцинаны ойлап табу үшін 10-15 жыл уақыт кетеді.
«Бізде қазір ондай уақыт жоқ. Қазір әлемнің ғылыми орталықтары тығыз уақытта алдыңғы жасалған вакцина негіздеріне арқа сүйей отырып жаңа база жасап жатыр», — деді ол. Иммунологтың айтуынша, кей елдерде вакцина ойлап табылды. Қазір олар ерікті адамдарға салынып, клиникалық сынақтан өтіп жатыр.
«Вакцина қандай болса да, онда тірі вирус болмайды. Тірі вакцина — полиомелит вакцинасы. Бұл — өте тиімді вакцина. Алайда, көптеген көшбасшы компаниялар тірі вакцина жасаумен айналыспайды. Коронавирус вакцинасы жасанды болары ықтимал. Бұл материалда қоздырғыш антигенінің ақпараты ғана болады. Әлсіз қоздырғыштар болмайды. Яғни, адамдарға вирус жұқпайды. Бұл — өте қуанышты жайт», — деді ол.
Эльмира Битанова тексерілмеген вакцина еш жерде пайдаланылмайтынын айтты.
«coronavirus2020.kz»