КОРОНАВИРУС: Аңыз бен ақиқат

755838316012204 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Ғаламдық желіде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 83 122-ге жеткені жөнінде ақпарат тұр. Ол дерек күн сайын емес, сағат сайын өсуде. Алғаш Қытайдың Ухань қаласында бұрқ етіп, COVID-19 деген атпен тіркелген қауіпті вирус адамзат баласын жұтып жатыр. Иә, адамзат тарихында жұқпалы аурулар тудырған зобалаң аз кездеспегені белгілі. Мәселен, оба ауруы 1331 жылы Хэнань Қытай провинциясында басталды. Ауру Қытай мен Үндістан аумағында кеңінен таралды, ал, 1346 жылы сауда кемелері мен келушілер қатерлі дертті Қырымға әкелді. Дереккөздердің бірінде генуялық бекіністің қоршауы кезінде (қазіргі Феодосияның орнында) ордалық хан Жәнібек індетті биологиялық қару ретінде қолданғаны айтылған.

Дегенмен, көптеген зерттеушілер бұл оқиғаны ойдан шығарылған деп санайды. «Қара оба» кем дегенде 60 миллион адамның өмірін алып кеткенін дереккөздер арқылы біліп отырмыз, яғни,  жердің барлық халқының төрттен бір бөлігі қырылып қалған. Еуропа халқы шамамен үштен бір бөлігінен, 25 миллион шамасындағы тұрғынынан айырылды. Ал, Норвегия мен Исландия сияқты елдерде адамдардың тек 30 пайызы ғана аман қалды. Індеттің әлеуметтік және экономикалық салдары бірнеше жүз жыл бойы сезілді. «Қара өлім» тіпті адамзаттың генетикалық құрамын өзгертті. Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі таңда иелері обамен аз ауырған бірінші қан тобының адамдары көбірек өмір сүреді екен.

БЕЙҚАМДЫҚ – ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН

Қазақ – бейқам халық. Оған ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы кең далада көшпелі өмір салтымен өмір сүруі де әсер еткені сөзсіз. Алайда, бүгінгі заман бейқамдық пен алаңғасарлықты кешірмейтіні осы жолы анық байқалды. Мәселен, «тәжтажалдан» алғаш қаза болған тұрғын  індетті құдалықтан жұқтырыпты. Елде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер орын алғанына қарамастан қызға «сырға салу» салтанатына қатысып, қуанышта бірге болған. Артынша, ауырып, ауруханаға түседі. Тест алған кезде коронавирус жұқтырғаны анықталған. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болатыны даусыз.

Ал, Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылының тұрғындарына індет дәрігерлер арқылы тарапты. Ресейдің Астрахан облысы, Ақсарай елді мекенінен келген белгісіз адамдарды емдеген дәрігерлер мен медбикелер КВИ торына шырмалған көрінеді. Ауа арқылы вирус тасымалдаушы адамнан жұғатын індеттің ел арасында тарағаны  өкінішті.  Бұл жерде қазақы бейқамдықтан бармағымызды тістедік. Дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінен қашып, үйіне барған коронавирус инфекциясын жұқтырған павлодарлық тұрғынды күшпен оқшаулауға тура келді. Ол өзімен бірге бүкіл отбасының, қала берді өзі тұратын көпқабатты үй тұрғындарының басын қатерге тіккені кәміл.

САҚТАНСАҢ – САҚТАРМЫН…

Атырау облыстық №2 ауруханасының бас медбикесі Зәуре Тасқынғалиқызының айтуынша, «тәжтажалмен» ойнауға болмайды.

– Биылғы жылдың 27 наурызынан бастап өзім қызмет ететін облыстық №2 ауруханаға COVID-19-бен ауыратын науқастардың әкелінетіні белгілі болды. Осы уақыттан бері дәрігерлер мен медбикелер, тазалықшылар, басқа да қызметкерлер үйге бармастан, індетпен күресуде. КВИ жұқтырған сырқаттардың қосымша ауруларын да емдеудеміз. Осы кезеңде оннан астам сәби дүниеге келді. Оның біреуі кесер тілігімен алынды. Біздің хирургтар ота жасап, ана мен баланы аман алып қалды. Бір егде жастағы үлкен кісінің жүрегіне уақытша кардиостимулятор қойылды. Соқыр ішектен ота жасалды. Қант диабетімен ауыратын қанша адам індет жұқтырып келіп, емделуде. Отадан кейін біздің медбикелер мен дәрігерлер олардың жараларын таңып, емдеп, қолдарынан келгенше күресуде. Әрине, кесар тілігін жасау үшін, сәбиді дүниеге әкелген аналардың толғағы кезінде облыстық перинаталды орталығының дәрігерлері қатысты. Жүрекке ота жасалған кезде облыстық кардиоорталықтан дәрігер келді. Облыстық балалар ауруханасынан жол-көлік апатымен түскен кішкене қыз баладан коронавирус анықталған. Сынама оң нәтиже бергеннен кейін облыстық №2 ауруханаға әкелінді. Оны да травматологтар келіп қарап, нұсқау беріп отырды. Жалпы, тек инфекция саласы ғана емес, бүкіл медицина қызметкерлері індетке қарсы күресуде, – деді Зәуре Әлмұқанова бізбен әңгімесінде.

Бірнеше ай бойы үйлеріне бармаған дәрігерлер отбасыларымен тек телефон арқылы ғана хабарласып отыр. «Аурухана басшыларынан бастап, керекті медициналық құрамның бәрі де карантин жағдайында, отбасына бармастан коронавируспен арпалысуда. Вирус жұқтырып, емделіп жатқан сырқаттардың өздері басында сенбегендерін, бос әңгіме деп қабылдағандарын айтып, өкініп отырады. Сондықтан, жеке бас гигиенасы талаптарын мұқият сақтап, күніне бірнеше рет сабынмен жуынып, үйде де тазалық шараларын алып, карантин талаптарын орындап қана бұл пәлекеттен құтыламыз» дейді Атырау облыстық №2 ауруханасының бас медбикесі Зәуре Тасқынғалиқызы. Жаратушы Алла Тағаланың өзі «сақтансаң – сақтармын»  демей ме?!

БАСҚА КЕЛГЕН ПӘЛЕДЕН…

Иә, ғаламтор басымдық алған қазіргі таңда жаңалықты ешкім аяғымен іздемейді, жаңалық өзі адамды іздеп табады. Елімізде көптеген  адамға ажал құштырған тажалға қарсы вакцина жасалып, емдеу әдіс-тәжірибелері мен дәрі-препараттар да жетілдірілуде. КВИ-ден қаза болған жан жерленгенінде  сақтық шаралары қатаң сақталады. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз салған әдет пен ғұрыптан ауытқымағанмен де, қаза болған жанның отбасылары, ағайын-туғандары үшін  оң жақтан дауыс салып шығара алмауы – үлкен моральдық соққы. Бірақ, ұрпақ келешегі мен денсаулығы үшін алынып отырған шектеу шараларына көну қажет. Қазақта «басқа келген пәледен, бастан құлақ садаға» демей ме?!

Әрине, қазаның орны толмайды. Бірақ, тірі қалған жан тірлігін жасауы керек. Алғы күннен үміттеніп, болашаққа сеніммен қарауымыз үшін ұрпағымыздың дені сау, білімді болғаны дұрыс. Біздің өмірімізді жалғастыратын – ұл-қыздарымыз.

Сондықтан, сол жас өркеннің қамы үшін КВИ-дің аңыз емес, ақиқат екеніне сенген дұрыс. Аранын ашып келген коронавирус – аждаһаның аузына тұтас ұлт болып жұтылып кетпей тұрғанда бейқамдықты қойып, COVID-19 вирусынан қалай құтылуға болатынын ойлайық, болашақты бағамдап, тажалмен күресте жеңетін жолын ойластырайық. «Біз біргеміз!» Бірге күресейікші, ағайын!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз