Атырауда студенттер мен әлеуметтік мекеме қызметкерлері вакцинацияланады
Атырауға «Спутник V» вакцинасының 3600 дозасы келді.
«Жаңадан жеткізілген вакциналар жабық әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен студенттерге арналған», деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«Спутник V» вакцинасының 3600 дозасы Ақтөбе фармацевтикалық хабынан 2 сәуір күні таңертең жеткізілді. Оны Атырау облысындағы 22 егу пунктіне бөлу жоспарлануда.
Вакциналардың жаңа партиясы жабық әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен студенттерге арналған. Сондай — ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған азаматтардың сегіз басым санаты бойынша халықты да вакцинациялау жалғасады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Спутник V» екпесінің бірінші компонентімен өңірдің 3600 тұрғыны, екінші компонентімен 1556 адам егілді.
— Соңғы тәулікте коронавирусқа қарсы вакцинаның II компонентін 311 адам алды. Оның ішінде 8 мемлекеттік қызметші, 60 медицина қызметкері және 243 педагог бар, — деп нақтылады Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.