Атырауда мұғалімдер коронавирусқа қарсы жаппай екпе алып жатыр
«Бүгін, 9 наурызда Атырау облысының білім беру саласының қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина алып бастады», — деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Алғашқылардың бірі болып екпе алғандардың қатарында Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова, №16 Атырау қалалық Ж.Қаражігітов атындағы орта мектептің директоры Алмабек Абдолов, № 20 Пушкин атындағы орта мектеп-лицейінің директоры Гүлнар Қожахметова, IT мектеп-лицейі директорының орынбасары Айгүл Сейітова бар.
– Кез-келген індеттен қорғанудың, алдын алудың бір жолы – вакцина. Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан, емхана дәрігерлері де екпенің пайдасы, оның әсері туралы біраз ақпараттар берді. Ең бастысы екпе аурудың асқынуынан қорғайды. Екпе алған соң қорқынышсыз жүруге болады. Жақындарымның амандығы үшін де вакцина алдым», — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.
Атырау облысында білім беру саласында 11 мыңнан астам қызметкер бар.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстың білім саласының қызметкерлеріне 2000 доза «Спутник V» екпесі келді.
Айта кетейік, вакциналау екі кезең бойынша өтеді. Яғни, алғашқы компонентін алған адамға 21 күннен кейін екпенің екінші дозасы салынады.