Атырауда бір тәулікте 765 тұрғын коронавирус инфекциясына қарсы екпе алды
Өңірде covid-19-ға қарсы халықты жаппай вакциналау өтіп жатыр, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
5 сәуірдегі дерек бойынша, «Спутник V» вакцинасының I компонентін 765 адам алды. Оның ішінде, 103 медицина қызметкері, 130 педагог, 93 полиция қызметкері, 16 студент, 15 жабық мекеме қызметкерлері, 25 құқық қорғау органдарының қызметкерлері, 12 мемлекеттік қызметші, 13 созылмалы аурумен ауыратын адам, 358 жергілікті тұрғындар бар.
Биылғы 1 ақпан мен 5 сәуір аралығында «Спутник V» I компонентімен 4868 адам вакцинацияланды. II компонентпен 2026 адам егілді.
Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірде Атырау облысында халықты жаппай вакцинациялау басталды. Атырау облысының әрбір тұрғыны коронавирус инфекциясынан өз еркімен екпе ала алады. Ол үшін тіркелген жері бойынша емханаға өтінішпен баруы қажет.