Шағын және орта бизнесті дамыту керек

COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/11 мамыр, 2020 жыл. Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған комиссия отырысында сөйлеген сөзі жұртшылықтың көкейіндегі мәселені дөп басты. Ел Президентінің: «Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр. Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды» деп басталған сөзі маған үлкен ой салды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгіннен бастап еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғанын айта келіп, қалыптасқан ахуалдың өте күрделі екендігіне тоқталды. Шындығында, «көктемнің бір күні жылға азық» дегендей, төтенше жағдай режимінде ауылшаруашылығына да үлкен нұқсан келгені анық.

Мемлекет басшысы барша салаға, соның ішінде, көктемгі егіс науқанын жүргізуге де қомақты қаражат бөлінгенін нақтылады. Отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қол жетімділігі секілді мәселелердің іске асыру жолдарын көрсетті. Соның ішінде, шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандырудың негізгі өзегіне және тірек күшіне айналуы тиіс.


Жалпы, бүгінгі таңдағы біздің шағын және орта бизнесті дамытудың стратегиялық бағыты – өндірістік тауарлар мен қызметтердің ішкі жалпы өнімдегі үлесін қазіргі 25-27 пайыздан 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін ұлғайту. Бұл үрдіс жіті қадағаланып, үнемі жетілдіріліп тұрса, отандық шағын және орта бизнестің ахуалын, деңгейін, тіпті негізгі көрсеткішін сипаттайды.


Біріншіден, елдің 1000 тұрғынына шаққандағы шағын және орта бизнес субьектілерінің саны бізде орта есеппен 24-25 болып келеді. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 20-50 бірлік аралығында құбылады екен. Демек, бұл тарапта жасалатын жұмыс әлі де көп.

Екіншіден, экономикалық көрсеткіш – экономикалық белсенді халықтың ішіндегі шағын және орта бизнестегі жұмысшы санының үлесі. Елде бұл 30 пайызды құрап отыр.

Салыстырмалы түрде алсақ, АҚШ-та жұмысқа жарамды халықтың 55, жапонияда 72 пайызы табысын аталған сектордан табады екен. Бұл меже де біз үшін басты бағдар болуы тиіс. Үшіншіден, елдің ішкі жалпы өнімі көлеміндегі шағын және орта бизнес тауарлары мен қызметтерінің үлесі сипатталуы тиіс.

Қазақстанда бұл 27 пайызды құраса, дамыған елдерде 60-70 аралығын қамтиды. Осыған қарап, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту барысында қолайлы жағдай қалыптастырылуы тиіс деген ойға келеміз.

Төртіншіден, шаруашылықтар ішіндегі аталған бизнес санының үлесі 93 пайызға жетіп отыр. Бұл дамыған елдер көрсеткішінің деңгейіне сәйкес. Алайда, шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі мардымсыз үлесін қалай түсіндіруге болады.

Ол бізде 27-29 пайыз көлемінде. Бұл біздің елде ішкі жалпы өнімнің көп бөлігін, яғни, 70 пайызын ірі бизнес қалыптастырып отырғанының айғағы. Ол көбінесе экономиканың нақты секторының, мұнай-газ, тау-кен салаларына тиісті.

Бұл біздің экономикамыздың шикізатқа тәуелді екенінің дәлелі. Сондықтан, ұлттық экономиканы әртараптандыру – көкейкесті мәселе. Бесіншіден, шағын және орта бизнес субьектілері қызметінің тұрақтылық деңгейін заңды тұлға ретінде тіркелген субьектілерінің саны мен олардың белсенді субьектілері санының арақатынасымен анықталады.

Сондықтан, жұмыс жасамайтын кәсіпорындарды жабу амалын жеңілдетіп, оларды статистикалық есептен шығаруды оңтайландырған жөн. Алтыншыдан, ұйымдық-құқықтық пішіндер бойынша шағын және орта бизнес субьектілерінің құрылымына келсек, біздің елімізде белсенді субьектілердің ішінде өз қызметін жеке бірлік тұлға нысанында жүзеге асыратын субьектілер – жеке кәсіпкерлер көп үлес алады.

Республика бойынша, орта есеппен аталған сала субьектілерінің ішінде жеке кәсіпкерлер үлесі 70 пайыздан астам көрсеткішті құрайды. Ал, фермерлік шаруа қожалықтары үлесіне 21, заңды тұлға нысандарына сегіз пайыз ғана тиесілі.

Демек, елімізде қалыптасқан шағын және орта бизнестің бұл құрылымының экономикалық тиімділігі төмен. Десек те, шағын кәсіпкерлік өнімдерінің өсу қарқыны байқалып отыр. Бұл үрдіс индустриялық-инновациялық базаны қалыптастыруға қолайлы жағдай туғызатыны айқын.

Жетіншіден, шағын және орта кәсіпорындарда еңбек өнімділігі орташа 15,5 мың долларды құрайды. Бұл ұлттық экономика бойынша орташа көрсеткіштен, яғни, 24,5 мың доллардан 1,6 есе төмен. Ал, әлемдік дамыған елдердің көрсеткішінен 8 есе төмен. Қазақстанда шаруашылық қызмет атқаратын субьектілердің арасында жеті пайызға ие болып отырған ірі бизнес елдегі ішкі жалпы өнімнің 70 пайызын өндіреді.


Атырау облысы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында серпіліс бар. Өңірде старистиканың 2019 жылы мәліметке сәйкес жұмыс істеп тұрған 46756 субьект тіркелген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда тоғыз пайызға артық.

Олардың құрамында заңды тұлғалар – 7151, жеке кәсіпкерлер – 37139, шаруа қожалықтары – 2466. Мұнда барлығы 133,6 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл 2018 жылға қарағанда 5,5 пайызға өскендігін байқатады. Атырау өңірінде кәсіпкерлердің ең көп бөлігі Атырау қаласында екен, яғни, 68,2 пайызды құрайды. Жылыойда 12,8 пайыз, Құрманғазы ауданында 4 пайыз шоғырланған.


Ел Президенті Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында: «…біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз. Бұл қомақты қаражат» деп қадап айтты. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығына баса мән берді.

Әлемде қиын жағдай қалыптасып отыр. Оны Мемлекет басшысы да айтып өтті. Сондықтан, одан шығудың нақты жолы – ауылшаруашылығы кооперативтерін құру, ғылым мүмкіндіктерін пайдалану есебінен еңбек өнімділігін арттыру, ауылшаруашылығы нысандарын шағын несиелеу және қолдау. Осылардың негізінде шағын және орта бизнестің белсенділігі көтерілмек. Бүгінгі қиын-қыстау кезеңде ол өте маңызды.

Бақтыбек ТАУБАЕВ,
Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы,
Атырау облысының Құрметті азаматы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған