ЖЕЗӨКШЕГЕ ЖАЛДАНҒАН ҮЙ ОҒАН ҚАЛАЙ ТЫЙЫМ САЛУҒА БОЛАДЫ?

Атырау облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма бастығы Әбілсейіт Әміровтен алынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бергі алты ай ішінде сегіз адам саудасы дерегі тіркелген, оның ішінде, екеуі - жас қыздарды жезөкшелікке тарту, біреуі - кәмелетке толмаған жасты пайдалану, бесеуі - біз қозғап отырғандай притондар ашу немесе ұйымдастыру. Олардың барлығы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған.

Аталған басқарма қызметкерлері «жын-ойнақ ошақтарын» жою жөніндегі жұмыстарды ай сайын жүргізіп отырады десек қателеспеспіз. Тұрақты рейдтерге тері-венерологиялық аурухана дәрігерлері де тартылған. Алайда, бұл механизмнің жүзеге асуы жаттанды сипат алып барады: жеңіл жолмен табыс тауып жүрген қыздар полиция бөлімшесіне жеткізіліп, саусақ таңбалары алынып, есепке тұрғызылады. Бұдан басқа, олардың жыныстық жұқпалы ауруға шалдықпағаны тексеріліп, қауіпсіз қатынаста болу керектігі жайлы ақыл-кеңес айтылады. Басын шұлғып, келіскендей болған қыздар шыға бере «кәсібіне» қайта кіріседі. Олар осы жолды таңдап алғаны үшін өздерінің заң алдында ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынын жақсы біледі. Кейбір сарапшылар айтып жүргендей проституцияны заңдастырайық деп бүйректен сирақ шығармай-ақ қоялық, бірақ, біздіңше, «түнгі көбелектердің» өзін жауапқа тартпайынша күшейтіліп жатқан шаралардан тиімді нәтиже күту қиын.

Болмаса, қонақ үйдің немесе жеке және заңды тұлғаның жезөкшелер қызметі үшін орын ұсынып отырғанын немен дәлелдейсіз?! Газетке «сағатына, күніне» деп көз сүріндіретін хабарландырулар беріп отырған пәтер иелерінің жаңа заң тетіктерін айналып өтіп, небір құйтырқы айла-амалдарды ойлап таппайтынына сену қиын.
Бір емес, бірнеше пәтерді жалға беріп отырған Марина К.-ны сөзге тарттық.
– Үйге кімнің қандай мақсатпен келгенін қайдан білмекпін мен,-деді әйел шаптығып, – Енді немене, келген ер адамнан «Сіз жезөкше шақырмайсыз ба? деп, әйелдерден «Сіз жезөкше емессіз бе?» деп сұрауым керек пе?! Келді, ақшасын төледі, кетті!
– Сіз пәтерді сағатына жалдап отырсыз ғой. Былай, күмәнділеу емес пе?
– А, неге жалдамаймын? Менің үйім вокзалдың іргесінде. Біреулер бір-жар сағат аялдап, үсті-басын ретке келтіргісі келеді. Көз шырымын алғысы келетіндер бар. Таңғы пойыздан түсіп, сүрініп-қабынып жүргендердің әлгіндей қыздарға қарайтын да шамасы жоқ, тіпті. Маған тиімді, көп уақыт алмайды, ақшасы жүріп тұр – сосын бір сағат уақыттан бастап жалдаймын.
Аудандардың бірінде тұратын ауқатты ерлі-зайыптылар орталықтағы екі бөлмелі пәтерін жұмыс істейтін қыздарға, ауладағы шағын үйін жас отбасыларға жалдайды. Одан бөлек, сауна қызметін ұсынады. Әйелдің есімін шартты түрде Әсем деп алайық. Оның айтуынша, пәтер иелерінің мұндайда түк білмей, сүттен ақ, судан таза бола қалатынына сену қиын. «Әріптестерін» әшкерелеуден тайынбаған Әсем былай дейді:
– Адамдардың түр-түрін көріп, біз де біртіндеп психологқа айналамыз. Алдыңа келген кісінің кім екенін, не үшін келіп тұрғанын білуге болады. Тек бұдан тез әрі оңай табыс келетін болғандықтан, қожайындар «үйді бүлдірмесе, дұрыс төлесе болды, қалғаны менің шаруам емес» деп көзін жұмып қарайды. Біз, мәселен, абыройсыздыққа ұрынып, жаман атымыздың шықпағанын қалаймыз. Сол себепті жалдайтын нысандарды патенттеп, орнықты, тиянақты адамдарды ғана жібереміз. Өндірістік өңір болғандықтан, жалақысы жақсы, қатынап жұмыс істейтін, іссапарға келетін азаматтар көп. Пәтеріміз сұранысқа ие. Бірақ, саунаға қылмыңдаған қыз-келіншектерді ертіп келетіндердің барын жасырмаймын. Бірлі-жарым келушілер күмәнді көрінгенде неке туралы куәліктерін көрсетуді сұрадым. Соны естігенде қарқылдап күлгендер де, ашуланып есікті тарс жапқандар да болды. Егер басқалар да осындай принциппен жұмыс істесе, жезөкшелік бүйтіп белең алмас еді.
Қалай болғанда да, бұл төңіректе түйткіл көп. Бір жайт анық – ол өндіріс мекемелері мен келімді-кетімді адамы көп мұнайлы өңірде, қазіргі тілмен айтқанда, секс-индустрия өкілдерін мүлдем жоюдың мүмкін болмай отырғандығы. Атырау облысында олардың басым бөлігін алыс және жақын шетелдерден келген азаматшалар құрап отыр. Бұған дейінгі рейдтер кезінде қолға түскен Өзбекстан, Ресей елдерінің қыз-келіншектері шұғыл елдеріне қайтарылып отырды. Ал, жергілікті және еліміздің басқа облыстарынан келген әйелдерге «бұл жерде жүруге» тыйым салуға ешқандай заңдық негіз жоқ. Мүмкін, расымен де қолмен істегенді мойынмен көтеруді жеңіл жүрісті қыздардың өздеріне артқан дұрыс болар?! Айтқандай, жаңа заңда мұндай талаптың қарастырылуы әбден мүмкін.
Соңғы бірнеше ай жүзінде талқыланып келген ҚР әкімшілік Кодексінің жаңа өзгерісі заң жүзінде қабылданды. «Адам саудасына қарсы тұру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заңында ендігі жерде пәтерін жезөкшелікпен айналысу үшін немесе жеңгетайлық мақсатпен жалға бергендер де жауапқа тартылатын болады. Түнгі көбелектердің емін-еркін әрекет етуіне ықпал етіп, сол төңіректен әжептәуір табыс тауып жүрген пәтер иелеріне айыппұл салу шаралары қарастырылып отыр. Ол жеке тұлғалар үшін жүз, лауазымды тұлғалар үшін екі жүз, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін үш жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағайындалған. Ірі кәсіпкерлер 1000 АЕК айыппұл төлеп, оның айналысатын қызметі немесе жекелеген қызмет түрі жарты жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз