Әскери прокурор қабылдап, тұрғындардың сан сауалына жауап қайтарды

askeriЖуырда ҚР Қорғаныс министрлігі Атырау қаласының біріккен қорғаныс істері жөніндегі басқармасында әділет майоры, Батыс аймағы әскери прокурорының орынбасары Руслан Алмаханов қала тұрғындарын жеке сауалдары бойынша қабылдады.

 

«Ашық есік» күнін қалалық біріккен қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, полковник Сейткерім Арапбаев ашып, жүргізді. Ол қабылдауға келген қалалықтарға кездесудің мән-жайын түсіндіре келе: «Ойларыңызда жүрген сұрақтарыңызды іркілмей қоя беріңіздер, әскери прокурордың орынбасары бәріне жауап беретін болады», – деді. Осыдан кейін-ақ тұрғындар көкейлеріндегі ойларын ортаға салып, жауап тосты.
Сұрақ: – Әскерге шақырылатын жастардың белгілі бір мерзімге кейінге қалдырылатыны (отсрочка) бар. Сол қандай жағдайда жүзеге асады?
Жауап: – Алдымен саулығына байланысты (емделу, т.с.с.);
– отбасылық жағдайына қарай (ата-анасының біреуінің өмірден өтуі, кейінгі бауырларын асырап-бағу, оларға бас-көз болу);
– өзінің үйленуі;
– сәбилі болуы;
– жоғары оқу орнында білім алуы (Бұл тек алғашқы білім алуына байланысты. Егер ол екінші жоғары оқу орнында күндіз оқып жүрген болса, онда кейінге қалдыруға жатпайды);
Сұрақ: – Әскери міндеттілердің ай сайын жиыны өтіп тұрады. Осы қаншалықты дұрыс?
Жауап: – Мұндай жиынның өтуі – заңды.
Сұрақ: – Естуімізше, бір айлық курсқа қатысып, әскери билет алып жатқандар баршылық. Сол әскери билеттің күші қандай?
Жауап: – Иә, үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 22-27 жастағы жігіттер үшін әскери-техникалық курстың ашылғаны рас. Бұл курсқа әскери міндетін өтеуге саулығы жарамды жігіттер қабылданады. Курс – ақылы, 210 мың теңге. Ал, оларға берілетін әскери билеттің күші мен қызметі кәдуілгідей. Жас жігіттердің аталған курсқа келуі жақсы, ай сайын отыздан кем емес.
Сұрақ: – Әскери қызметке келісім-шартпен баратындар кімдер?
Жауап: – Олар бұрын әскер қатарында болып, өзінің Отан алдындағы борышын өтеп келгендер.
Сұрақ: – Айтыңызшы, қыздарға арналған әскери оқу орындары қайда бар?
Жауап: – Негізі ондай оқу орындары ішкі істер қызметіндегілер үшін баршылық. Ал әскери қызметке саулығы жарамды, фельдшер, байланысшы мамандығы бар қыздарды қабылдауға болады.
Сұрақ: – Белгілі бір себептермен 27 жасқа дейін әскерге шақырылудан кейінге қалдырылып келдім делік. Жасым 27-ге толған соң маған әскери билет беріледі. Соның қаншалықты күші бар?
Жауап: – Өзіңіз айтып отыр- ғандай, әскерге алынбай жүруіңіздің дәлелді себебі (саулығыңызды түзеу, отбасын қамқорлау, т.с.с.) бар. Сондықтан сіздің жасыңыз 27-ге толғаннан кейін берілетін әскери билет барлық жағынан алғанда жарамды, өйткені, сіз әскерден заңды қалдырылып келдіңіз.
Сұрақ: – Егер басқа да сауалымыз туындай қалса, сіздерді қай мекен-жайдан таба аламыз?
Жауап: – Батыс аймағының әскери прокуратурасы Құлманов көшесі бойындағы қалалық прокуратура ғимаратының үшінші және төртінші қабатында орналасқан. Келем деушілерге әр кез есік ашық.
Қала тұрғындары басқа да көптеген сауал қойып, соларға нақты жауаптар алды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз