Жұмысшы мамандықтарға талап та жоғары
Күні кеше қызу қарсы алған Білім күнінен кейін ел Президентінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы үлкен әсер қалдырды.
Жаһандану, экономика мен қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні белсенді енгізу, мамандықтар мен кәсіптер әлемін түбегейлі өзгертуде. Жоғары деңгейдегі дағдыларды қажет ететін жұмыс орындарының саны артып келеді. Сын-тегеуріндердің барлығына жауап беру үшін кадрларды даярлау жүйесі сапалы жаңғыртудан өтуде. Сондықтан да Президентіміз дер мезгілінде Жұмысшы мамандықтар жылын жариялап, мамандар даярлауға үлкен мән бергені қуантады.
Бұл кәсіптік техникалық білім беру саласына үлкен үміт пен жаңа мүмкіндіктер ғана емес, көрсетілген сенім мен жүктелген міндет. Мамандықтар даярлау тарихына көз жүгіртсек, жұмысшы мамандықтары қай кезде қажет болған және әрқашан да оған құрмет көрсетілген. Енді бүгінгі таңда қастерлі мамандық деген атауға ие болып отыр. Әбден ойланып толғанып, өлшеп пішіліп айтылған бұл сөз жұмысшы мамандықтарына жаңа серпін берері сөзсіз. Материалдық игіліктердің барлығын жасаушы осы мамандық иелері, еңбегіне сай лайықты табыс та алмақ.
Ендеше, алдағы жылдан не күтеміз? Күттірмей тұрған мәселелер: ол оқу орындарының материалдық техникалық базаларын одан әрі жетілдіру, шебер мамандардың, педагогтердің ІТ құзыреттерін дамыту, кәсіби білімін арттыруды қолға алу, жан басына шаққандағы қаржыландырудың пайызын көтеру, білім беру бағдарламаларының халықаралық салалық сәйкестігіне ерікті аккредиттеуден және оқыту нәтижелерін тәуелсіз бағалаудан немесе сертфикациялаудан өтуіне мүмкіндік туғызу керек. Осының бәрі күн тәртібінде болса, мемлекет басшысы қойып отырған жауапты міндетті уақтылы әрі сапалы түрде жүзеге асыру қолымыздан әбден келеді деп ойлаймын.
Бақыт ШЕРКЕШБАЕВА,
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің директоры