
Жоғары білім мен ғылымды дамыту – ұлттық өркендеудің кепілі
Президент Жолдауында жоғары білім мен ғылым саласына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы бұл бағытты елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын әрі жаңа экономиканың іргетасы болатын негізгі сала деп атады.
Біріншіден, университеттердің академиялық және басқарушылық еркіндігін кеңейту көзделуде. Бұл оқу орындарының білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай бейімдеуіне, халықаралық тәжірибеге жақындауына мүмкіндік береді.
Екіншіден, ғылымды қаржыландыру жүйесі жетілдірілмек. Ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту, ғылыми гранттар мен стипендияларды көбейту, жас ғалымдарды қолдау – елде ғылыми орта қалыптастыруға серпін береді.
Үшіншіден, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселесі ерекше айтылды. Инновациялық жобаларды енгізу, отандық кәсіпорындардың ғылыми әзірлемелерді пайдалануы – жаңа технологияларды дамытуға жол ашады.
Төртіншіден, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту қарастырылып отыр. Шетелдік үздік университеттермен әріптестік орнату, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту, қазақстандық ғалымдардың әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциясы – білім сапасын арттыратын маңызды тетік.
Сондай-ақ, техникалық және инженерлік мамандықтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. ІТ саласы, жасанды интеллект, «жасыл» технологиялар сияқты болашағы зор бағыттарға мамандар даярлау – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтпек.
Айнагүл САҒЫНДЫҚОВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ақпараттық технолгиялар факультетінің шетел тілі пәні оқытушысы