Жастардың болашаққа сенімін арттырады
Қазақстанда жастарды қолдау мен олардың білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған реформалар қарқын алып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің стипендия мөлшерінің артуы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.
Шәкіртақының жоғарылауы бұл тек қаржылық қолдау ғана емес, жастардың оқу сапасын арттырып, ғылым мен инновацияға бет бұруын ынталандыруды көздейді.
Бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 8 мыңға жауық студент білім алады. Олардың 2000-нан астамы мемлекеттік және облыстық бюджеттен, түрлі қоғамдық қорлардың гранттарымен оқып жатыр.
Оқу орны 250-ге жуық шәкірттің оқу ақысына 30-100 пайыз аралығында жеңілдік жасап отыр. Елімізде жастарды қолдауға бағытталған өзгерістер білім алушылардың өмір сүру жағдайын одан әрі жақсартып, ғылым саласына көбірек ден қоюына мүмкіндік береді.
2024-2025 оқу жылында І курсқа 2 165 студент оқуға қабылданды. Олардың қатарында 500-ден аса мемлекеттік грант иегері бар.
Университетте ерекше қолдауға ие санаттар да бар. Атырау облысы әкімінің грантымен – 62, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының грантымен – 25, ал FREEDOM Grants бағдарламасының қаржыландыруымен 23 студент білім алуда. Бұл гранттар талантты жастардың әлеуетін ашуға зор ықпал етері сөзсіз.
Сондай-ақ біздің университет студенттердің шығармашылық, спорттық және ғылыми жетістіктерін қолдау мақсатында Президенттік стипендияны тағайындауды да жалғастыруда. Оқуда озат, олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары бұл стипендияға ие болу арқылы өздерін дамытуға қосымша мүмкіндік алады.
Біздің міндетіміз – жас ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды шабыттандырып, болашаққа сеніммен қадам басуына қолдау көрсету. Студенттердің білім алуына жасалған жағдай – олардың өмірлік және болашақтағы кәсіби жетістіктеріне де ықпал етеді.
Саламат ИДРИСОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор