Жарнама
Білім

Жастарды қолдау — болашаққа салынған инвестиция

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – елдік мәселелерді айқындап қана қоймай, әр азаматқа ой салар, бағыт-бағдар берер құжат. Әсіресе, онда айтылған жастардың патриотизмі, елді сүюдің заманауи мазмұны туралы ойлары кемел келешек үшін өте маңызды.

Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзінде үлкен өмірлік мән бар. Өйткені жас ұрпақтың бойына ізгілік пен білімді, отансүйгіштік пен елжандылықты сіңіретін – алдымен отбасы, содан соң білім беру мекемелері. Жас буынға дұрыс тәрбие беру – ел болашағын жүйелі қалыптастыру деген сөз.

Бүгінгі жастардың патриотизмді түсінуі ерекше. Олар үшін Отанды сүю – тек ұрандап айту емес, нақты іспен дәлелдеу. Елге пайда әкелетін жаңа жобалар бастау, ғылым-білімге ұмтылу, заманауи технологияларды игеру – нағыз патриоттықтың өлшемі. Оқу орындарының қабырғасында осы көзқарасты қалыптастыру – біздің міндетіміз.

Президент атап өткендей, жастар әсіреұлтшылдықты да, әсіредіншілдікті де қолдамайды. Керісінше, олар ашық ойлы, жаңашыл, озық дүниеге құштар. Бұл – біздің ең үлкен байлығымыз. Сондықтан оларға сенім артып, қолдау көрсету – қоғамның басты парызы.

Қазіргі заманда жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, инновациялар әлемдік дамудың қозғаушы күші болып отыр. Осы өзгерістерге жастарымыз тез бейімделіп келеді. Оқу орындарында оларға тек білім беріп қана қоймай, заман талабына сай ойлай білуді, жаңашылдыққа ұмтылуды, ел болашағына жауапкершілікпен қарауды үйрету – басты мақсат.

Мемлекет басшысының «Өркениетті елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болуы тиіс» деген сөзі – барлығымызға ортақ ұстаным болуы қажет. Өйткені ертең елді дамытатын да, оның әділетті қоғамын қалыптастыратын да – бүгінгі шәкірттер.

Бірлігімізді сақтап, жастарға дұрыс бағыт берсек, еліміздің ертеңі кемел болатынына сенемін. Бүгін біз еккен білім мен тәрбие дәні – ертең тәуелсіз Қазақстанның биік асуларын бағындыратын ұрпақтың жемісі болады.


Әсем ҚАБДЕЛОВА,

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button