ЖАСТАР БАЯНДЫ БОЛАШАҚ ҮШІН
Елбасы бүгінгі жас ұрпаққа артылар міндет білімділікпен, жан-жақтылықпен әлемдік білім бәсекесінің шыңынан көріну екендігін атап айтты. Жоғары үлгеріммен оқитын студенттерге қолдау көрсетудің тиімді жүйесін жасау қажет екенін атап көрсетті. Яғни, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шәкіртақыны 25 пайызға өсіруге тапсырма берді. Бұл сан-салалы мамандықтардағы жастардың потенциалын, белсенділіктерін, іскерліктерін, болашаққа ұмтылыстарын көтеруге әсер етері сөзсіз. Әрбір жастың әлеуеті мен дарыны аса құнды және олар Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел игілігіне пайдаланылуы тиіс.
Елбасының салиқалы саясатының арқасында Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап жастар саясатына зор көңіл аударылып келеді. Президенттің тікелей бастамасымен мемлекетімізде тұңғыш рет біртұтас «Жас Ұлан» бірегей жастар қозғалысы мен «Жас Қыран» атты жас балалар ұйымы құрылды. Сонымен қатар, «Ауыл жастары», «Дипломмен-ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» сынды жастардың жобалары белсенді түрде жұмыс жасауда. Болашақ» халықаралық стипендиясымен студенттер шетелде сапалы білім алуына қол жеткізді.
Қазіргі жастар заман талабына сай ақпараттық жүйені жақсы меңгерген, қоғамдық ортамен тез қарым-қатынас жасап, бос уақыттарын тіл меңгеру мен ізденуге арнап, салауатты өмір салтын ұстанады. Жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың әл-ауқатын көтеру, Жолдауды жүзеге асыру мақсатында Атырау облысында да үлкен жобалар мен бағдарламалар қолға алынып отыр. Мұның айғағы ретінде «Жас Отау» бағдарламасы бойынша салынып, биылғы жылы қолданысқа берілгелі отырған 90 пәтерлік үй, күндізгі бөлімде оқитын студенттерге 50 пайыздық жолақы жеңілдігі, жас кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы «Бизнес-Кеңесші» тегін оқу курстары, бастаушы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге бағытталған «Damu Start up» жобасы, «Инновациядан дамуға» атты жастар инновациялық жобалары байқауы, патриотизм мен салауатты өмір салтын насихаттауға арналған шаралар жастардың инновациялық ойлау мүмкіндіктерін ашуға, жұмыс жасайтын ұйымдардың инновациялық мәдениет деңгейін көтеруге, инновациялық жобаларды іске асыруға зор мүмкіндік туғызып отыр.
Жастар арасындағы қоғамдық-саяси жағдайды анықтау мақсатында тұңғыш рет Атырау облысы жастарының төлқұжаты дайындалып, аудандарда Жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымдары құрылды. Әртүрлі бағыттағы қызықты жаңалықтар мен бейнесюжеттерге толы жастарға арналған zhasatyrau.kz сайты мен zhas.tv интернет-арнасы іске қосылды. Мұның барлығы жастарға жасалып жатқан қамқорлық деп түсінемін.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты негізінде жүзеге асып отырған оң қадамдарының нәтижесін мыңдаған жас қазақстандықтар сезінуде. Еліміздің жастары еліне қажет екенін үнемі сезініп, өзінің батыл ойы мен армандарын белсенді жүзеге асыруда. Біздер, еліміздің жастар ұйымдарының өкілдері, ел Президентіне осы қамқорлығы үшін дән ризамыз!
Бибігүл ШАЙХИЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің