
Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмайды
Астанада төртінші рет ғылыми-танымдық PRO.NRG Fest 2025 фестивалі өтіп жатыр. Оған 6 мыңнан астам қатысушы – педагогтер, зерттеушілер, оқушылар және олардың ата-аналары жиналды. Ауқымды фестивальді «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры мен «Шеврон» компаниясы ұйымдастырған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, ғылым мен технологияны дамыту – Қазақстандағы білім беру жүйесінің стратегиялық басымдығы болып отыр.
– Ел Президенті білім беру процесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізуді тапсырған болатын. Қазір педагогтар алдында жасанды интеллектіні меңгеру міндеті тұр. Қазірдің өзінде 200 мыңнан астам мұғалім оны қолдану бойынша оқудан өтті. Жаңа оқу жылынан бастап ЖИ оқу процесіне енгізіледі. Осындай іс-шаралар мұғалімдерге жаңа тәсілдерді тәжірибеге жылдам ендіруге көмектеседі, — деді комитет басшысы фестивальдің ашылуында.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Қ. Жұмашев жасанды интеллект ешқашан педагогты, оның идеясы мен жаңашылдығын алмастыра алмайтынын ерекше атап өтті.
– Ол тек оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыру құралы ретінде ғана пайдаланылады. Сондықтан біз ЖИ-ді білім беру ісіне енгізгенде ең алдымен этикалық нормаларға мән береміз. Мұғалімдер ойлап табудан, зерттеуден қол үзбеуі керек, — деді Қаныбек Жұмашев.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
ЖИ-дің білім берудегі рөліне тоқталған сарапшылар технологияларды қолданудың практикалық қырларын және оның әкелетін жаңа сын-қатерлерін талқылады.
– Білім саласындағы жасанды интеллект мұғалімді алмастыра ма, жоқ па деген сұрақ емес, оны қолдану мәдениеті туралы мәселені қозғап отыр. Қазір ең бастысы – мектепте ЖИ қалай қолданылуы керек деген ережелерді қалыптастыру. Ол ойлауды күшейтуге бағытталуы керек, алмастыруға емес, — дейді ЖИ бойынша жаттықтырушы Айда Әбіләкімова.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Фестивальдің биылғы тақырыбы – Rooted in the Future («Болашаққа тамыр
жаю»). Ол «Білім ағашы» метафорасына негізделген: тамыр – өткен дәстүрді, ағаш діңгегі – заманауи білім беруді, ал бұтақтары – жаңа технологиялар мен тәсілдерді білдіреді.
Фестиваль бағдарламасына 30-дан астам дәріс, мастер-класс, AI-практикум, ғылыми квесттер мен digital-аймақтар енген. Қатысушылар геймификация арқылы тапсырмаларды орындап, ұпай жинап, оларды жүлдеге айырбастап, оқуды қызықты процесс ретінде қабылдады.
Фестиваль төрт секцияға бөлінген. USTAZ секциясында педагогтың негізгі рөлі мен заманауи сын-қатерлер талқыланды. Ғылыми-танымдық блокта археология, экология және тарих бойынша дәрістер ұсынылды.
Сонымен бірге, фестиваль аясында педагогтарға арналған Science on Stage еуропалық конкурсының ұлттық кезеңі өтті. Онда іріктелген жеті жоба 2026 жылы Литвада Қазақстан атынан ұсынылады.
Айта кетейік, елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Сондай-ақ Қазақстан жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің ұлттық моделін бекітті.