Жарнама
Білім

ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ САҒЫНЫШ

Иә, өткен ғасырдың өрмек жүзі әлдеқашан ауып кетсе де, осыдан елу жыл бұрын Лермонтов атындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген, бүгінде «Атырау Жылу-Электр орталығы» акционерлік қоғамының президенті, «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі», «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Мұхамбетқали Қалиев  1 қыркүйек – Білім күні Қосшағыл кентіндегі өзі оқыған мектепке келіп, білім ордасының ұстаздар ұжымымен, биыл жоғары оқу орындарын бітіріп келіп, мұғалімдік қызметін енді бастағалы отырған жас мамандармен және даярлық топтарында дайындығын түзіп, тіл сындырып, алтын ұяны алғаш аттағалы отырған бірінші сынып бүлдіршіндерімен жылы шырайлы жүздесіп, өнегелі өмір жолдарынан сыр тиегін ағытуы, ұрпаққа ұлағатты сөз арнауы соншалықты әсерлі әрі мазмұнды болды десе болады.

— Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадам» тұжырымдамасына сүйенсек, бәсекеге қабілетті адами капитал қалыптастыру алғы кезекте тұр, — деді Мұхамбетқали Байдоллаұлы. — Оның негізін қалайтын – орта білім жүйесі. Осыған орай, ұлт болашағы – бала тәрбиесіне үлкен мән беру, білім беру мазмұнын жаңарту және сапасын арттыру, мұғалімдер біліктілігін көтеру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатса игі. 2020 жылы мектептердің 90 пайызы электрондық оқыту жүйесімен қамтылатын болады. Осы жүйе біріншіден, алыстағы аймақтар жас буынына сапалы білімге қол жеткізуіне мүмкіндік береді, екіншіден, қазақстандық, әлемдік білім беру ресурстарына жол ашылады.

Ұлағатты өмір мектебінен өткен тәжірибелі басшы өз сөзін «Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша, үш тілде оқытуды енгізу мәселесі өте маңызды. Мемлекеттік тілді үйренуге басымдық беріледі. Қазақ тілі – ұлтымыздың рухы, рухани байлығы, оны білу – әр Қазақстан азаматының борышы. Биылғы оқу жылынан бастап барлық сыныптарда Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті және география пәндері тек қазақ тілінде жүргізілетін болады. Сонымен қатар, инновацияға, ғылымға, технология мен бизнеске жол ашатын ағылшын тілін оқып, үйренуіміз қажет» деп түйіп, оны өзін айнала қаумалаған жас буынның құлағына сіңіріп жатыр.

Мұхамбетқали Байдоллаұлы жай келмепті, өзі ұшқан ұясының ұлағатты шәкірттері әлемдік ақпараттан хабардар болып жүрсін деп, алтын ұя мектебіне ескерткіш-тәбәрік ретінде бес бірдей компьютер ұсынып, өз тарапынан сый-сияпат жасау рәсіміне де кезек берді.

Осынау мерейлі сәтте 1965 жылы осы мектептен түлеп ұшқан басқа да түлектер – мұнайшы зейнеткер Боранбай Шілденов, мұнай кәсіпшілігінде жерасты жөндеу бригадасының шебері мамандығымен көп жылдар бойы еңбек еткен Жақсылық Шынтеміров, мұнайды дайындап айдау цехы бригадасының шебері болған Сәрсен Құдайбергенов, Өзен өндірістік геофизика бірлестігінің президенті қызметін атқарған Бекболат Темірбаев және басқалар жиналған жас ұрпақты, ұстаздар ұжымын Білім күнімен құттықтап, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Қонақтар бір кезек сыныптарды аралап, бірінші сынып партасындағы бүлдіршіндерге білім бастауында ақ жол тілеп, одан кейін алтын ұяларының қол жеткен жетістіктерімен де танысуға мүмкіндік алды. Мектеп директоры Гүлнәр Таласбаеваның айтуынша, №2 жалпы орта білім беретін мектептің табалдырығын биылғы оқу жылында 870 оқушы аттап отыр. Шағын орталықта оқып-үйрену негізін қалау бағдарламасынан өтуге 80 жас буын қамтылған. Бұрын Қосшағыл, Тұрғызба, Шоқпартоғай интернаттары өз алдына бөлек шаңырақ болса, енді биылғы оқу жылында осы кентте біріктіріліп, ірілендірілген ұжымға айналдырылып жатқан жайы бар. Қазірдің өзінде оған 85 оқушы қамтылған.

Мектептің оқыту, білім-тәрбие беру жүйесі жетістіктерімен қатар, материалдық-техникалық базасы да жылма-жыл жақсарып келе жатыр екен. Директор бұл ретте «Ынтымақ» волонтер, «Си-си-ди» фирмасы, «Каспий сальфа», «Армандастар» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің демеушілік көмектерін айрықша атап өтті.

Мектеп түлектерінің елу жылдан соң кездесіп, білім ордасының бүгінгі жас буынымен жылы шырайлы жүздесуі, кеше мен бүгінді салыстырмалы түрде саралап, жаңа техника мен технология заманындағы жетістіктерді таразылауы, өз кезегінде өткен тарих пен естеліктерден сыр шертуі ұрпақтар алмасуындағы ерекше әсер, тәрбиелік мәнімен есте қаларлықтай болды.

Қаржау Оразбаев,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button