
Жарқын болашақтың кепілі
Маңғыстау облысында жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің білім беру саласындағы стратегиялық әрі әлеуметтік маңызы зор бастамалардың бірі. Жалпы саны 12 600 оқушыға арналған 13 жаңа мектептің салынуы – тек инфрақұрылымдық емес, сонымен қатар адами капиталды дамытуға бағытталған ауқымды жұмыс.
Бүгінге дейін төрт мектеп ел игілігіне берілсе, алдағы екі айда тағы тоғыз білім ордасының есігі оқушыларға айқара ашылмақ. Бұл – өңірдегі демографиялық өсім мен оқушы санының артуына уақытылы берілген жүйелі жауап деп айтуға болады.
Әсіресе, тұрғындар тығыз қоныстанған Мұнайлы ауданының Батыр ауылында салынып жатқан жаңа мектептің ашылуы – жергілікті халық үшін ерекше маңызды оқиға. Самал шағын ауданында орналасқан бұл білім ұясы 1 200 оқушыға арналған, қазіргі таңда ішкі жабдықтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұндай заманауи талаптарға сай мектептер балалардың сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қауіпсіз және қолайлы ортада тәрбиеленуіне кең мүмкіндік береді.
Бұл жобаның табысты жүзеге асуы – мемлекет пен жергілікті басқару органдарының, құрылыс ұйымдарының және қоғамның ортақ еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар, бұл игі бастама ұстаздардың жұмыс жағдайын жақсартуға да ықпал етеді. Жаңа мектептер – тек ғимарат емес, болашақ ұрпақтың жарқын келешегін қалыптастыратын орта.
Осындай нақты нәтижелер білім саласына деген сенімді арттырып, әрбір қазақстандық баланың сапалы білім алуына жол ашады. Ұлттық жобаның елдің барлық өңірінде табысты жалғасуына тілектеспіз!
Жаннұр ЖАУЛИНА,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөзбен қызмет бөлімінің меңгерушісі