Жарқын істер жалғасқан шаңырақ
Білім арқылы әлемдік бәсекеге қабілеттілікті орнату еліміздегі ұстаздар қауымының ұлт алдындағы жауапкершілігі мен міндетін тағы да үстемелей түсті. Осы жолда жемісті еңбек етіп, өңірдегі ұстаздардың білім-білігін арттырып, олардың қамқоршысына айналған Атырау облыстық біліктілікті арттыру институты туралы ерекше айтуға болады.
Аталмыш білім ордасы 1948 жылы Гурьев облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты болып ұйымдастырылып, 2002 жылы «Атырау облыстық педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институт» болып өзгерді. Ал, 2012 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты болып қайта құрылды.
Атауы өзгергенмен, бағыты, мазмұны өзгермеген құрылымға биыл 70 жыл. Облыс мұғалімдерінің біліктілігін арттыру тәжірибесінде жаңа жолдарды іздестіру арқылы елеулі үлес қосып, осы мерзім ішінде сан мыңдаған білім беру саласы мамандарының біліктілігін арттырған киелі шаңырақ батыс өңірдегі білім беруді дамытудың көшбасшысы болып келеді.
Институттың 70 жылдық тарихында еңбек еткен барша педагогтардың өмірлік өнегесін ұлықтау, оларға қарап бой түзеу – баршамыздың міндетіміз. Білім ордасын 1948-1950 жылдары басқарған Уалит Құдайбергенов білім беру мекемелерінде мұғалімдер, кадрлар жетіспеуіне баса көңіл бөлді. Біліктілікті жетілдірудің негізгі формасы курстарды ұйымдастыруды қолға алып, өз білімін дамыту жұмыстарына баса мән берді.
Өтегенов Нұрбақыт басшылық еткен 1950-1951 жылдарда әдістемелік көмек беру жұмыстары жанданып, аудандық білім беру бөлімдеріне айрықша көмектер ұйымдастырылды. Сол кезеңде жетіжылдық, онжылдық мектептердің көптеп ашыла бастауына орай, соғыстан кейінгі кездердегі мұғалімдердің сандық, сапалық құрамын жақсарту бағытындағы жұмыстар қолға алынды.
Құспан Темірғалиев 1951-1952 жылдары басқарған кезде Гурьев мұғалімдер институтының ашылуы жоғары білім беретін педагогикалық оқу орны ретінде өңірдің мұғалімдерге деген қажеттілігін өтеуде аса ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды.
1953-1954 жылдары басшылық еткен Фатима Жанахметова облыс мұғалімдерінің тәжірибесін зерттеу, озық тәжірибелерді тарату арқылы әдістемелік жұмыстарды жетілдіруге басым бағыт берді, сонымен қатар, мектептердегі физика, химия сабақтарындағы зертханалық жұмыстарды ұйымдастырды. Озат мұғалімдердің іс-тәжірибелерін баспасөз арқылы тарату қолға алынды. 1953 жылы алғаш рет «Облыстық педагогикалық оқулар» өткізілді.
Сара Мусағалиева басшылық еткен 1954-1955 жылдары озат мұғалімдердің тәжірибелері жан-жақты зерделеніп, институт әдіскерлерінің нұсқауымен мұғалімдердің өзіндік жұмыстарын дамытуға мән берілді.
Облыстың біліктілікті арттыру жүйесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұстаздардың бірегейі – Дүйсенғали Байбосынов 1956-1982 жылдары 25 жылдан астам уақыт институтты басқарды. Бұл кезеңде басқару мәселелеріне, әдістемелік жұмыстарды жетілдіруге ерекше мән беріліп, жоғары кәсіби білімі бар мұғалімдер әдістемелік жұмысқа тартылды. Ауыл мектептеріндегі оқу-тәрбие жұмыстарының барысы назарда болды. Осы қызметтерді ұйымдастыруда Дүйсенғали Байбосынұлы биік адамгершілігі бар, ақыл мен парасатты қатар ұстанған азамат ретінде танылды. Ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, оны мәңгі есте қалдыру мақсатында қазіргі Д.Байбосынов атындағы қалалық ұлттық гимназияға есімі берілді.
1983-1991 жылдары Есет Қаженбаев басқарған уақытында осы жұмыстар жалғасын тауып, оқу-тәрбие жұмысын оңтайландыру идеясы, дәстүрлі емес сабақтар өткізу, жаңашылдар идеясын енгізу, жаңа типтік оқу орындарының моделін жасау, халықтық педагогика идеяларын енгізу проблемалары жүзеге асырылды. Төлеубай Төлепбергенов басқарған 1991-1994 жылдары мұғалімдердің өз білімін көтеру жоспары енгізілді. 1991-1993 жылдары 5 күндік жұмыс істейтін эксперименттік мектептер тәжірибесін енгізу қолға алынды. Ал, Дәйеш Шаженбаев 1994-1995 жылдары институттың директоры болған уақыттарында өткізілетін курстар мазмұны жаңартылып, жұмыс жасаудың түрлі формалары батыл, тиімді қолданылды.
1995-1998 жылдары институтты Шахман Нағимов басқарды. Осы жылдары облыс білім беру мекемелерінің тарихы, жалпы ұстаздар мәліметі жинақталып, облыстың білім беру саласының тарихы жасақталып, үлкен мұражай ұйымдастырылды. Сонымен қатар, пәндік кабинеттер жұмысын жақсарту қолға алынды. 1998-2012 жылдар аралығында институтта басшылық қызметін атқарған Нұрзила Сәрсенова институттың материалдық базасын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізді. Қызметкерлерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында өз алдына бөлек ғимаратқа орналастырылды. Он екі жылдық білім беруге дайындық кабинеті, толық жабдықталған биология, химия, лингафон кабинеттері алынып, материалдық база жақсартылды. Еңбек өтілінің 15 жылға жуық уақытын осы институтқа, соның ішінде басшылық қызметке арнаған Нұрзила Сәрсенқызының өңірдің білім беру, қоғамдық-саяси қызметінде атқарған істері ұшан-теңіз.
2012 жылдың қазан айынан бастап 60 жылдық тарихы бар біліктілікті арттыру институты мүлдем жаңа форматта ұйымдастырылып, қайта құрылды. Күрделі өзгерісті іске асыруда елімізге белгілі ғалым, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлнас Ахметованың бастамасымен халықаралық және еліміздегі ең үздік тәжірибелерді сараптау арқылы еліміздегі біліктілікті арттыру жүйесіне тұңғыш рет мазмұнды өзгерістер енгізілді.
Бүгінгі күні «Өрлеу» − әлемдік және отандық ең үздік педагогикалық тәжірибелерді сараптау арқылы жаңартылған білім беру мазмұнындағы біліктілікті арттыру курстарын өткізіп, қоғам сұранысына сәйкес сан алуан жұмыстарды ұйымдастырып отырған үлкен ұжым. Институттың білім беру қызметін заман талабына сай өркендету бағытында алдағы уақытта да ізденіспен еңбек ете бермекпіз
Маржан Ғалымжанова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.