Жанарымен жылылық себелеген…
Атырау өңірі алтын уақытын ағарту ісіне арнап, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаздардан кенде емес. Шалғайдағы ауыл мектебі болғанмен, онда жұмыс істейтін мұғалімнің қадір-қасиеті болса шәкірттің ойы терең, санасы сәулелі болары анық. Ұстазы ұлағатты бала алтынмен апталған зәулім мектепке де қызыға қоймайтыны түсінікті. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп осындайда айтылса керек. Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаздар әулетінің жолын жалғаған білікті педагогтың бірі де бірегейі Нұралы Сиғуатов еді.
Әкенің сара жолы
Биыл мамырдың басында «Нұралы ағай өмірден өтіпті» деген суық хабар оны білетіндердің қабырғасын қайыстырды. Еліміздің әр өңірінде сан салада еңбек етіп жүрген шәкірттері ұстазымен қимастықпен қоштасып, одан алған тәлім-тәрбиесін таразылағандай болды.
1957 жылы Нарынқұмның етегіндегі Қамысқаладағы (қазіргі Х.Ерғалиев ауылы) ұстаздар отбасында өмірге келген Нұралының әкесі Бисекен Сиғуатұлы мен анасы Рахима Қабышевадан алған тәлім-тәрбиесі оның келешегіне шамшырақтай бағыт берді. Жеті жасында Сарайшық орта мектебінің орыс сыныбына қабылданып, онжылдықты Гурьев қаласындағы Қиров атындағы орта мектептен бітірген оның зейінін ашып, өмірге қадам басуына 1978 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының «орыс сыныптарындағы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген дипломы мол септігін тигізді. Еңбек жолын өз ауылындағы Амангелді (қазіргі Ғ.Мәсәлімов атындағы) орта мектебінде болып бастаған Нұралы Бисекенұлы білімді де білікті, кәсіби шеберлігі жоғары, қызметіне адал, жан-жақты маман атанды. Ғылыми-әдістемелік шеберлігі кең тарап, облыстық, аудандық семинарларда ашық сабақтар мен педагогикалық оқуларға енді.
Ұлық қызметтің мәнін айрықша айшықтауда осы талаптың үдесінен көрінген Нұралы Бисекенұлы еңбек жолында бірнеше жыл бойы аудандық пәндік олимпиадада қазылар алқасына жетекшілік етсе, 2004 жылы облыстық «Словесник-2004» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Оның іскерлігі ескеріліп, бірнеше жыл Ғ.Мәсәлімов орта мектебінде оқу ісіне де жетекшілік етті.
1983 жылы Мәдина Айтжановамен отау көтеріп, екеуі Нұрболат, Гүлден, Гауһар есімді перзенттерін сүйді. Мерей, Есеней, Нұрдәулет атты немерелерінің тәтті қылығы мен жетістіктеріне қуанып жүретін. Рулы елмен құда болып, төрінде отырғанына ерекше мерейленетін. Тек өз ошағының емес, бауыры Сыралы, қарындастары Нұржамал мен Гүлжамалға да қамқор аға, арқасүйер ақылшы бола білді.
Шахмат пен үстел теннисін өмірлік кәсібіндей көріп, қолы қалт етсе сонымен шұғылданды. Әсіресе шахмат десе ішкен асын жерге қоюға құмбыл ол бірнеше дүркін сайыстарда жеңіске де жетті. Адамның ақыл-ойы мен өрісін дамытатын үстел спортының бір түрінен бірнеше шәкірт тәрбиелеп, оқушылары түрлі деңгейдегі жарыстардан жүлделер алды. Еселі еңбегін мемлекет те ескеріп, «Еңбек ардагері» және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапаттады.
Ағарту ісінің қара нарындай
Күні кеше отбасы мен шәкірттерінің ортасында жарқылдап жүрген Нұралы Сиғуатов туралы өткен шақта сөз айтудың өзі ауыр. Әйтсе де, оның есімі ұмытылмасы хақ. Өйткені оның артында шәкірттері бар, білім мен тәрбие ісінде айшықты қолтаңбасы, айқын ізі қалды.
– Нұралы ағайыма оқушы кезімде қандай құрметпен қарап, берген білімі мен адамшылық қасиетіне қалай тәнті болып өссем, қазір де бұл сезімдер бір мысқал кеміген жоқ. Қарындасы Гүлжамалмен мектептен тыс уақытта бас қосқанда интеллектуалды даму кезеңінің қайталанбас сәттеріндей көрінеді. Бала шақта ұстаздар отбасының тәртіпті іс-қимылымен бірге мен үшін бұрын еш жерден естімеген ғылыми терминмен өрілген жаңашылдыққа толы сөздерін бойыма қабылдау қайталанбас сәттер екенін түйсінетінмін. Өкініштісі сол, ағайдан орыс классикасының нағыз майталмандарын оқуға атүсті қараппын, шахмат үйренбеппін, спортқа ден қоймаппын. Қолда бар мүмкіндіктің қадірін білмеу, меніңше, өмірдегі нағыз азамат болып қалыптасу үшін қажетті құндылықтардан құр қалу екен. Дегенмен осы уақытқа дейін белгілі бір дәрежеге абыроймен қол жеткізсем, ұстаздарымның, оның ішінде Сиғуатовтар династиясының менің өміріме өрілген баға жетпес ұстаздық тәлімі деп санаймын, — дейді ұлағатты ұстазы жайында Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова.
Иә, хан да, қара да бас иетін ұстаздан артық, одан биік маман иесі жоқ шығар-ау, сірә. Сондықтан шәкіртінің жан сарайына сәуле шаша білген әрбір ұстаздың есімі ұлт пен ұрпақ жадында қастерлі ұғым болып қала бермек.
Нұралы Бисекенұлының ісіне адал, нағыз ұстаз болғанын замандасы, бүгінде ардагер ұстаз Бекболат Мусин де растайды.
– Мен педагогикалық институтты бітірген соң бірер жыл сол кездегі Балықшы ауданына қарасты Алға орта мектебінде жұмыс істеп, 1978 жылы Новобогат ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепке ауысып келдім. Нұралы да сол жылы оқуын аяқтап жұмысқа келді. Елу жылға жуық бір ауылда тұрып, еңбек еттік. Мен жиі орын ауыстырып, ауылдағы екі мектепте, аудандық мекемелерде және ауылдық округте жұмыс істеуге тура келді. Алайда, кәсіби мамандығымыз мұғалім болғандықтан ауылдың қоғамдық өміріндегі жолымыз бір еді. Екеуміздің дүниетанымымыз, өмірде болып жатқан түрлі жағдайларға қатысты ұстанымдарымыз бір-бірімен қабысып жататын. Сырттай тұйық көрінетін Нұрекеңнің де шешіліп, ерекше бір шабытпен көсіле сөйлейтін кездері бар. Әсіресе мектептегі педагогикалық, өндірістік кеңестерде белсенді түрде пікір айтып, мектептің жұмысын қайткенде алға сүйреуге болатынын көрсете білетін.
Мыңжылдықтар тоғысындағы қоғамдық формацияның өзгеруі де көптеген адамның өмірін өзгертіп, жақсы мамандар қара қазан, сары бала қамы үшін күнкөрістің түрлі жолын іздеп кеткені рас. Осындай таңдау Нұралы Сиғуатовтың да басына түсіп, жанашыр ағайындарының бірі табысы көбірек жұмысқа шақырады. Ол шақыруды қабыл алғанмен, оның мол жалақысына қызықпай, өзінің бала оқытпаса тұра алмайтынын түсініп, мектебіне қайта оралған. Содан құрметті еңбек демалысына шыққанша мектептен табан аударған жоқ.
Жасыратыны жоқ, өмірдің қатал заңына ешкімнің билігі жүрмеген. Өмірге құштар жан Нұралы Сиғуатовты мәңгілік сапарға аттанып кетті деуге көңіл сенбейді. Бірақ шындық солай. Ендігі еншіге тигені сол бір жақсы жылдарды сағынышпен еске алу ғана.
Түйін:
Нұралы Бисекенұлы 67 жыл ғұмырының 50 жылға жуығын білім беру саласына арнапты. Талай жасты қанаттандырып, ұстаздық жолын қалыптастырды. Айтылған естеліктер Нұралы ұстаздың нағыз бейнесін, бар болмысын, азаматтық келбетін айқындап бергендей.
Әрине, Атырау өңірінде ұстаздар династиясы атанған шаңырақ санаулы. Үлкендердің ізін жалғап, есіміне сөз келтірмей, ағартушылық жолын алып жүру де есті жанға аз жүк емес. Аянбай еңбек еткен ұстаздың есімі де ел есінде мәңгі сақталары хақ.
Иә, олар ешқашан ұмытылмайды!..
Мәлике ҚУАНЫШЕВА