БЫЛТЫРҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫ «ӘЛІППЕ» ОҚУЛЫҒЫНЫҢ ҚАЙТА ОРАЛУЫМЕН ЕСТЕ ҚАЛСА, АЛ БИЫЛ 1-ШІ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ӨЗІНІҢ АНА ТІЛІНДЕ ҒАНА БІЛІМ АЛАТЫНЫ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚ БОЛҒАЛЫ ОТЫР. ИӘ, БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ ДЕ УАҚЫТ ТЕЗІНЕН ӨТІП, ТИІМДІЛІГІНЕ КӨЗ ЖЕТКЕН РЕФОРМАЛАР ЕНГІЗІЛУДЕ. САНАУЛЫ КҮНДЕРДЕН СОҢ СОҒЫЛАТЫН АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫМЕН ТАҒЫ ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАР ОРЫН АЛМАҚ? «ЕЛІМІЗДЕ ОҚУ ЖЫЛЫ ЕКІ АПТАҒА ДЕЙІН ҰЗАРАДЫ» ДЕГЕН АҚПАРАТ ҚАНШАЛЫҚТЫ РАС?
Сабақ 31 мамырда аяқталады
Оқу жылының созылуына қатысты ұсыныс жаз айында жарияланып, оған көптеген атааналар қарсылық танытқан еді. Дегенмен, Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын екі аптаға ұзарту жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Енді бұдан былай сабақ 31 мамырда аяқталады. Жаңа талапқа сай, бірінші сынып 35 апта, қалған сыныптар 36 апта білім алады. Ал, күзгі каникул 7 күн, яғни 31 қазаннан 6 қарашаға дейін, қысқы демалыс 9 күн (31 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін), көктемгі каникул 18-інен 26 наурызға дейін созылады. 1 сыныптар үшін қосымша каникул 6 ақпаннан 12 ақпанға дейін жоспарланған.
– Біз бір-бірімен байланысты екі маңызды шешім қабылдадық. Бір жағынан ол оқушылар үшін оқу жүктемесін азайту, екіншіден оқу жылының аяқталуын 31 мамыр етіп бекіту. Бұл мəселе бірнеше кешенді проблеманы шешеді. Біріншіден, бізде бүгінгі таңда бес күндік оқу форматына көше алмай жүрген 1,5 миллион бала бар. Енді олар бес күндік форматта оқитын болады. Яғни, осы 1,5 миллион бала үшін қосымша 36 демалыс күні пайда болады. Бұл 36 күнді балалар өз ата-аналарымен өткізуге, əлде басқа секцияларға, демалыс саябақтарына баруға жұмсауға мүмкіндік алып отыр. Екіншіден, биыл 100-ден астам мектепте үш ауысыммен оқу қаупі болған. Осы қабылданған шешімнің арқасында олар қазір екі ауысыммен оқуын жалғастырады. Үшіншіден бізде, бүгінгі таңда 1,5 миллион астам бала екінші ауысымда оқып жатыр. Осы қабылданған шешім оқу жүктемесін азайтып, кабинеттердің босауына əкеліп жатыр. Осыған байланысты екінші ауысымда оқып жатқан 300 мыңнан астам оқушы енді бірінші ауысымға көшеді. Бұл мəселе ата-аналар үшін маңызды болып отыр, — деп түсіндірді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Балалардың асыға күтетін жазғы демалысы 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін, яғни толық үш ай уақытқа жалғасады. Оқу-ағарту министрлігінің тиісті бұйрығы қазір Əділет министрлігінде қаралып жатыр. Министрлік өкілдері мəлім еткендей, оқу жылын ұзарту күнделікті сабақ санын қысқартуға, күрделі тақырыптармен көбірек айналысуға, дамыта оқыту қағидатын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланған.
1 сыныпқа қанша бала барады?
Биыл аймақта 14 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттамақшы. Үш айдың ішінде балаларды 1 сыныпқа қабылдауға 17 мыңнан астам өтініш түскен. Қуанарлығы, балалардың 80 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Бұл туралы айтқан облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова қазіргі кезде мектептерде оқулықтар тарату секілді жұмыстардың басталғанын хабарлады.
–1 сыныпқа құжаттар қабылдау аяқталды. Мектептерде оқу-тəрбие үрдісін сапалы жоспарлау мен ұйымдастыру, оқулықтарды тарату, сыныптарды қалыптастыру жəне басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталуда. Құжат қабылдау басталған үш ай ішінде 17 245 өтініш түсті. Оның 15 мыңға жуығы электронды форматта қабылданды. Қалған 2 мыңы дəстүрлі форматта тапсырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік тілде білім алғысы келетіндердің үлесі бүгінде 80%-ға жуықтады, — деді А.Дүйсекенова.
Бірінші сыныпқа бару үшін құжат қабылдау 1 сəуірде басталып 1 тамызда аяқталды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Оқу-ағарту министрлігі қызметті автоматтандырып, құжаттарды egov.kz веб-порталы арқылы қабылдады. Сондай-ақ, ата-аналар дəстүрлі қағаз форматында да тапсырған.
Тек ана тілінде білім алады
Биылдан бастап 1 сынып оқушылары тек бір тілде ғана білім алады. Бұған дейін ата-аналар мен тіл жанашырлары тарапынан қанша айтылып келгенімен үштілділік талабы қойылып, «асыра сілтеушілік» дейміз бе, əлі əріп танымайтын балаға əп дегенненақ үш тіл оқытылған еді. Енді міне, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі бірден үш тілді меңгеру балаға қиын екендігін айтып отыр. Министрдің пікірінше, жүргізілген зерттеулер мен талдаулар нəтижесі де мұны жоққа шығармаған.
– Бұл – тиімсіз. Біз бұл мəселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1 сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуын жəне жазуын үйренуі үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады, — деді А.Аймағамбетов.
Ал, орыс тілінде оқитын мектептерде 1 сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал барлық мектептерде ағылшын тілі тек 3 сыныптан бастап оқытылмақ.
«Мұндай зерттеулер мен ұсыныстар бұрын да болған, сол себепті оны енгізуді жоспарлап отырмыз» деді министр.
«Өзге тілдің бəрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ұлы Абай айтып кеткендей, көп тілді меңгерудің артықшылығы көп екені рас. Бірақ, бұл 1 сыныптың баласына қатысты айтылмаса керек. Сондықтан, министрдің бұл шешімін құптап отырғандар көп. Иə, Қазақстанда шет тілі енді мектеп табалдырығын аттай сала оқытылмайтын болды. Ал, бұл үрдіс əлем елдерінде қалай? Мəселен, бауырлас Түркияда шет тілі 2 сыныптан бастап қана оқытылады. Оқушылардың француз, араб, неміс, орыс тілі пəнін таңдау мүмкіндігі де бар. Бірақ, басым бөлігінің таңдауы ағылшын тіліне түседі. Ел азаматының бірінші міндеті – мемлекеттік тілді жетік меңгеру болғандықтан, сабақтардың бəрі түрік тілінде өтеді. Ал, жоғарғы оқу орындарының ағылшын тіліндегі бөліміне түсетіндер арнайы сынақтан өтуге міндетті. Он екі жылдық орта білім беру жүйесі қалыптасқан «аспан асты елі» Қытайда шет тілі пəні ретінде ағылшын тілі оқытылады. Айта кетерлігі, Қытай қалалары экономикалық даму қарқынына қарай жіктеледі. Сондықтан, Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу сынды мегаполистер мен тағы 15 ірі шаһарда ағылшын тілі бірінші сыныптың бағдарламасына енгізілген. Ал, елді мекен мектептерінде оны үшінші сыныптан бастап үйретіп, тілді тереңдетіп оқыту тек үшінші жылдан ғана басталады.
Өңірдегі жаңа мектептер
Өткен оқу жылында Атырау қаласында 11 мектеп үш ауысымды сабақ жүргізіп, Атырау, Құлсары қалалары мен Индер, Махамбет аудандарындағы төрт мектеп апатты жағдайда білім беру қызметін жалғастырғаны белгілі. Өңірде мектеп тапшылығы уақыт өткен сайын күрделі мəселеге айналып барады. Орын тапшылығының басты себептері – қала халқының демографиялық өсімі, көші-қон қозғалысы жəне орыс сыныптарына сабақ беретін педагогтердің жетіспеушілігі. Дегенмен, жаңа оқу жылында үш жаңа мектеп пайдалануға беріліп, облыс тұрғындарын қуантпақшы. Осы жылдың аяғына дейін оқушыларға Атырау қаласының «Балауса» шағынауданынан 600 орындық, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан 300 орындық мектептер мен Атырау қаласы Жаңаталап селосында салынып жатқан 300 орындық мектеп-интернат құрылысы толық аяқталады.
– Бүгінде облыс бойынша 200 мектеп бар. Оған қоса, тағы да бірнеше білім ордасының іргетасы қалануда. Биылғы оқу жылында 3 мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша, өңірдің даму жоспарына сəйкес, 2025 жылға дейін өңірде 48 мектептің кезең-кезеңімен құрылысын салу жоспарлануда. Ал, биылғы жаңа оқу жылын 138 мыңнан астам оқушымен бастағалы отырмыз. Облыс бойынша барлық мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңа оқу жылы дəстүрлі форматта басталады, — деді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова.
Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева да шаһар мектептерінің күзгі-қысқы мезгілге сақадай сай екендігін жеткізді. Оның айтуынша, орталық жылу қазандығына қосылған барлығы 27 мектептің жылу жүйелері гидравикалық сынақтан өткізілген.
ТҮЙІН:
КӨПТІЛДІ ОҚЫТУ – ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БІЛІМ КЕҢІСТІГІНДЕ ЕРКІН САМҒАУЫНА ЖОЛ АШАТЫН, ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМ ҚҰПИЯЛАРЫНА ҮҢІЛІП, ӨЗ ҚАБІЛЕТІН ТАНЫТУЫНА МҮМКІНШІЛІК БЕРЕТІН БҮГІНГІ КҮНГІ ЕҢ БАСТЫ ҚАЖЕТТІЛІГІ. ДЕСЕК ТЕ, БАЛА АЛДЫМЕН АНА ТІЛІН БІЛУІ ТИІС. СОНДА ҒАНА ҰЛТЫНА, ТУҒАН ЖЕРІНЕ, ЕЛІНЕ ЖАН АШИТЫН НАҒЫЗ ПАТРИОТ ТҰЛҒА БОЛЫП ҚАЛЫПТАСАДЫ. СОНДЫҚТАН, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІНІҢ ТЫҢ БАСТАМАСЫНА СӘТТІЛІК ДЕЙМІЗ. ЕЛ АРАСЫНДА ШЕТ ТІЛДЕРДІ ҮШІНШІ СЫНЫПТАН ЕМЕС, БАЛА ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙ АЛАТЫН ЖОҒАРЫ СЫНЫПҚА КӨШКЕН СӘТТЕ ОҚУШЫНЫҢ ТАҢДАУЫНА БЕРІП, ОҚЫТУ КЕРЕКТІГІН АЙТЫП ЖАТҚАНДАР ДА БАР. БИЫЛ БІРІНШІ СЫНЫПТАРҒА ТЕК «АНА ТІЛІН» ОҚЫТУҒА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ ЖАСАЛСА, АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРЫ ЕЛ АУЗЫНДАҒЫ БҰЛ ӘҢГІМЕНІҢ ДЕ АҚИҚАТҚА АЙНАЛАРЫНА КҮМӘН ЖОҚ. ИӘ, ЕНДІГІ ӨЗГЕРІС ТЕ УАҚЫТТЫҢ ЕНШІСІНДЕ…
Мəлике ҚУАНЫШЕВА