Жарнама
Білім

Жайық жағалауын бекіткен студенттер марапатталды

Облысты тасқын судан қорғау мақсатында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті профессор-оқытушылар құрамы, ерікті студенттер және қызметкерлері Бесікті ауылындағы Жайық жағалауына бөгет соғу жұмыстарына белсене атсалысты. Ел басына күн туған сәттен бастап жұмыла еңбек еткен студенттер мен қызмерлерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алғыс хат жолдады. Министрдің Алғыс хатын бөгет салу жұмыстарына белсенді қатысқан 104 студент пен профессор-оқытушылар, қызметкерлер алды.

–С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ұжымы, білімгерлері еріктілер қатарында су тасқынының алдын алу жұмыстарына тартылды. Ғалымдарымыз облыстық жедел штабтың ғылыми секторында жұмыс істеді. Бізге белгіленген «Бесікті» ауылындағы 5,5 шақырым жағалауды бір айдан астам уақыт ішінде бекіттік. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облысына арнайы келіп, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабта өңір ғалымдарымен кездесіп, университеттің жағалауды бекіту жұмысымен танысқан болатын. Бүгін өздеріңізге министр Саясат Нұрбектің сәлемін жолдап, Алғыс хатын табыстаймыз, — деді басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова.

Сондай-ақ әкімдік тарапынан Бесікті ауылындағы учаскелерге жауапты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов пен Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы басшысы Игілік Әубәкіровтың атынан университет басшылығы мен ұжымына Алғыс хат берілді.

Атырау облысында төтенше жағдай жарияланған күннен бастап университеттің ғалымдары жедел штаб құрамына кіріп, су тасқынының алдын алу және оның зардаптарымен күресу жолында еңбек етті. Бесікті ауылында 5,5 шақырым бөгет соғу жұмысына 200-ге жуық қызметкер мен 2000-ға жуық студент атсалысты. Жұмыс нәтижесінде ауыл тұрғындары, шаруашылықтар мен қала аумағы тасқын судан аман қалды.

Мәлике МӘЛІК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button