«Өндіріспен ұштасқан ғылым» – Саламат ИДРИСОВ

щщщ Білім

Соңғы жылдары Қазақстанда ғылымды дамыту және коммерцияландыру ісі қарқынды жүзеге аса бастады. Ғалымдардың өнертабысын өндіріске енгізу бастамасы өңірде қалай жүзеге асып жатыр? Білім саласына қажетті кадрлар даярлау мен жас ғалымдарды қолдау, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, оқытушы-профессорлардың біліктілігін арттыруда нендей нәтижелі істер бар? Қоғамды толғандырған сұрақтар төңірегінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

–  Саламат Нұрмұханұлы,  ғылым –  өндірістің қозғаушы күші. Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылымды коммерцияландыруға басымдық беріп отыр. Университет ғалымдарының ғылыми зерттеулері, ашқан жаңалықтары, алған патенттері өндіріске шықты ма?   

–  Сұхбатты сүйінші жаңалықтан бастайын. Университетіміздің ғалымы, биология ғылымдарының докторы София Зұлқарнайқызы ұзақ жылдар бойы зерттеп, өндіріске шығара алмай жүрген кәделі өнертабысын өнім ретінде шығаруға министрліктің  «Ғылым қоры» арқылы ғылыми-зерттеу нәтижесін коммерцияландыру бойынша грантты жеңіп алды. Енді ғалымның  түйе сүтінен жасалатын «Софмайя» атты сусыны тұтынушыларға қолжетімді болады.

Бұл ғылыми жаңалықты нарыққа шығару үшін зерттеуші 20 жылға жуық уақыт зертханада өткізіп, ғылыми ізденісте болды. Ғалым бұған дейін өнертабыс ретінде патент алған сусын халықаралық және қазақстандық байқауларда ғылыми жаңалық ретінде мойындалып, гранттар ұтып алған болатын. Алайда, оған елімізде сүт өнімдерін шығаратын кәсіпкерлер қызығушылық танытпады. Оның да себебі бар. Алдымен зертханалық өнімді өндіріске алып, өндіруге қаражат керек еді. Оған жеке кәсіпкерлер тәуекел етіп ала алмайды.

Былтыр Ғылым және білім министрлігінің «Ғылым қоры», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Маңғыстау облысының «Аgargan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында үш жақты келісім-шарт жасалып,  тараптар бірлесе қаржыландырудың нәтижесінде өнімді шығаруға келісті. Жобаның жалпы құны 403 млн. теңгені құрайды. Мұның 105 млн. теңгесін серіктестік өз қаражаты есебінен шығарады. Биыл ғалым мен кәсіпкер серіктестік өнімді өндіріске шығарудың алғышарттарын бірлесе орындап, жыл соңында сусынды шығарады деп жоспарлап отырмыз.

Маңғыстаулық серіктестік сүт өнімдерін өндіретін, ішкі нарықта өзіндік тәжірибесі бар белгілі компания. Құрылым осыған дейін 40-тан астам өнім түрін шығарып келген. Енді олардың қатарына атыраулық ғалымның өнертабысы қосылды. «Софмайя» сусыны түйе сүтіне қызылша шырынын қосу арқылы дайындалады. Оның құрамында адам ағзасына пайдалы дәрумендері мол, әсіресе, сусамыр (қант диабеті) дертімен ауыратын науқастарға шипалы, ана мен баланың да өміріне қажетті тағамдық қоректерді беретін органикалық өнім болмақ.

Ғалымның ғылыми жаңалығы жарыққа шықса еліміздің батыс аймағындағы түйе шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың сүт өнімдерін жаңа технологиямен өңдеп, сақталу мерзімін ұзартып, ішкі-сыртқы нарыққа отандық және шетелдік өнімдермен бәсекеге қабілетті сусын болатыны сөзсіз. Ал, мұндай сусындарға нарықта сұраныс жоғары екендігін жобаның маркетологтары зерттеп, зерделеді. Сондықтан, бұл өндірушіге табыс әкелетін ғылыми жаңалық боларына сенімдімін. 

– Ғалымның зерттеуі табысты өнімге айналуына тілектеспіз! Ал, университетте бұдан өзге тағы қандай ғылыми зерттеулер жасалуда?  Министрлік тарапынан қаржыландырылатын  жобалар бар ма?

–  Әрине, бар.  Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бағдарламасы бар. Соның аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бірнеше ғылыми жоба іске асуда. Мысалы, 2022-2024 жылдарға жоспарланған жас ғалымдар жүргізетін 2 ғылыми зерттеу, 2025 жылы аяқталатын тағы 5 жоба жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ 2023 жылдан бастаған министрліктің «Ғылым қорының» грантымен – 3 жоба, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 4 жоба іске асырылуда. 

zzz 1

Ғылыми жобалар өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге арналған. Соның бірі –Атырау өңірінде ауыз су мәселесін оңтайландыру мақсатында жасалып жатқан кешенді ғылыми-зерттеу екендігін атап өткім келеді. Зерттеушілер Атырау облысының ауыл тұрғындары арасында таза ауыз су мен қауіпсіз санитарлық қызметтерді зерделеуде. Бұл ғылыми-зерттеу қорытындысы Қазақстандағы ауыз суға қолжетімділіктің базалық деңгейін айқындауды бағалауға, сондай-ақ БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ғылыми дәлелдемелер негізінде ұсыныстар береді. 

Атырау облысы – топырағы тұзды, экологиялық ахуалы күрделі шөлейтті аймақ. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында жем-шөп тапшылығы,  жайылымдық жердің тозаңдануы жыл өткен сайын өзекті мәселеге айналып келеді.  Бұл  мәселені жеделдете шешу үшін ауыл шарауашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетов  ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде аймақтың табиғатына төзімді түйежоңышқа тұқымдарын будандастырып, ерекше құнарлы өсімдікті өсірудің ғылыми қолданбасын әзірледі. Ғалымның өсіріп баптаған екпе шөбі 189 күнге дейін, яғни мамыр айынан қарашаға дейін балауса күйін сақтайды. Бұл жайылымды пайдаланудың конвейерлік мезгілін ұзартатыны анық. Бүгінде ғалымның қолданбалы тәжірибесіне сүйеніп Қызылорда облысы Жалағаш ауданының, Атырау облысы Махамбет ауданының бірнеше қожалығы өсімдікті өсіріп, тұқымын көбейтуге кірісіп кетті. Дәл осы түйежоңышқа тұқымы да коммерцияландырудың мүмкіндігін алуға лайықты нәтижелі ғылыми зерттеудің бірі.

Министрліктің қаржыландыруынан бөлек, университетте ғылымды дамытуға дербес университеттен қаражат бөліп, оқу орнының тапсырысы негізінде 2023 жылы 8 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде археология, экология, экономика салаларынан зерттеулер болды.

Атырау университеті білім беруде педагог мамандарды дайындайтынын білесіз. Соның бір бағыты тарих пәнінің мұғалімдерін, тарихшы зерттеушілерді, болашақ археологтарды дайындаймыз. Осы мақсатта университетіміз оқу-әдістемелік базасын толықтыру мақсатында өңірде археологиялық зерттеулер жүргізеді. Соның нәтижесінде университеттің археология зертханасы құнды материалдық заттармен толығып, студенттердің ғылыми зерттеулер жасап, тарихты терең зерделеуіне мүмкіндік тудырып отыр. 2023 жылы археологтар өңірдегі Нарын құм-шағылында жаңа тарихи-мәдени ескерткіштерді және артефактілерді анықтау мақсатында археологиялық барлау-зерттеу жұмыстарын сәтті аяқтап келді. Бұл – оқу орнының ішкі гранттық қаржыландыруымен жүзеге асты. Барлау кезінде табылған құнды дүниелер алдағы уақытта өлке тарихын тың деректермен толықтырып, анықталған тарихи-мәдени ескерткіштерге тереңдете археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді деген жоспарымыз бар. 

– Жақында министрдің бастамасымен жас ғалымдарға «Отбасы банкі» арқылы баспана беру бағдарламасы іске қосылды. Өзіңіз басқаратын университетте бұл мүмкіндікке ие болғандар бар ма?  

– Министрдің бастамасын атыраулық ғалымдар да қуана қабылдады. Біздің университетімізде ғылым саласында айтарлықтай жетістікке жеткен жас ғалымдар көп. Биыл «Отбасы банкі» арқылы баспана беру жобасына қатысқандар арасынан үш ғалым баспана алуға құжат тапсырып, банктің қолдауына ие болды. Жақында жаңа баспанаға көшіп барады. Олардың бірі – білікті математик, бірі – мықты заңгер. Үшеуі де университетіміздегі ғылыми жобаларда зерттеу жасап жүрген зерделі жас ғалымдар.

Бұдан бөлек, университеттің қаржыландыруымен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатқан археолог ғалым, көпбалалы әке мен экономика саласының білікті жас ғалымы да құжаттарын дайындап, баспаналы болуды күтіп отыр. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымы атынан Саясат Нұрбек мырзаның тікелей араласуымен Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Отбасы банкі» бірлескен жобасы аясында жас ғалымдарды қолдауға бағытталған жарқын бастамасына алғысымды білдіремін. Биыл бұл бастаманың арқасында 4 ғалымның тұрғын-үй мәселесі шешіледі деп отырмыз. 

– Өңірлік оқу орындарының ғылыми әлеуетін көтеру де маңызды мәселе. Қызметкерлерді «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқыту және «500 ғалым» жобасы аясында тағылымдамадан өткізудің қандай нәтижесі бар? 

– Бұл біз үшін маңызды мәселе. Университетте 374 оқытушы-профессор қызмет атқарады. Олардың қатарында 18-ғылым докторы, 93-ғылым кандидаты,  24-PhD доктор бар. Әрине, оқу орнының халықаралық деңгейдегі ғылыми әлеуетін сандық мәлімет анықтамайды. Ғылым мен білім беру саласы уақыт өткен сайын жаңарып келе жатқандықтан, біз қашан да бәсекеге қабілетті кадрларды заман көшінен қалмай дайындап отыруға мүдделіміз.  2023 жылы 1 ғылым докторы мен 5 жас РhD докторын жұмысқа қабылдадық. Сонымен қатар біздің түлектерді жұмыспен қамтитын өндірістен 76 тәжірибелі кәсіби маманды дәріс оқуға шақырдық. Олар білім алушыларды бірден тәжірибе жинақтауға дағдыландырып, теориялық білімін өндірісте қолдануға үйретеді. Кейбір сабақтар өндіріс орындарында жүргізіледі.

Ал, халықаралық деңгейдегі озық тәжірибені университетке енгізудің жолы –  білікті кадрларды шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу орталықтарынан  тағылымдамадан өткізу. Бүгінде қызметкерлер қатарында «Болашақ» бағдарламасының 13 түлегі жұмыс істейді. Биыл екі жас ғалым шетелден тағылымдамадан өтіп келеді. Өткен жылдарда «500 ғалым» жобасы бойынша университетіміздің 6 оқытушысы шетелдік жоғары оқу орындарынан тағылымдамадан өткен болатын. Олар алған білімін, жиған тәжірибесін қолданысқа енгізіп, оқу үдерісін алға ілгерілетуде оң нәтиже көрсете бастады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің тағы бір жарқын бастамасы – шетелдік ғалымдарды оқу орнына тікелей шақырып, дәріс оқытып, оқытушы-профессорлармен бірлескен ғылыми зерттеу жобаларын жасап, халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялау үрдісін қалыптастыру болатын. Бұл мақсатта Атырауға өткен күзгі оқу жылында 13 шетелдік ғалым келіп дәріс оқыды. Олардың үшеуі министрліктің қаржыландыруымен келді. Мәселен, Түркия мемлекеті Карабук университетінің PhD докторы, профессор Хакан Кутуджу физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің оқытушы-профессорлары мен шәкірттеріне өз тәжірибесімен бөлісіп, бірлескен жобаларды іске асырды. Ол компьютерлік инженерия доценті, PhD дәрежесін ақпараттық технология бойынша қорғаған білікті ғалым.

Әрине, елге келетін әрбір шетелдік ғалымның ғылымдағы жетістіктерін, халықаралық деңгейдегі ғылыми әлеуетін министрлік арнайы талаптар бойынша сұрыптап, ең мықтыларын ғана шақырады. Бұлардан бөлек, Түркі мемлекеттерінің ғылым мен білім беруді дамытуға арналған «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасы деген бар. Осы бағдарламамен 2023-2024 жылғы оқу маусымында 10 шетелдік ғалым өз тәжірибесімен бөлісіп, атыраулық білім алушылармен бірлескен жобаларды іске асырады деп жоспарладық. Олардың үшеуі келіп, дәріс оқып, оқытушы-профессорлармен бірлескен жобаларды іске асыруды қолға алды. Қалғаны осы семестрде келеді. Ал, біздің университетіміздің 21 оқытушы-профессоры Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан елдеріне «Орхун» бағдарламасы бойынша барып келді.

 Шетелде білім алып, тағлымдамадан өту үшін – шет тілін жеттік меңгеруі тиіс. Алайда, бұл қазақстандық ғалымдардың ортақ олқы тұсы екені жасырын емес. Бірақ, қауқарсыз отыруға болмайды. Сондықтан университетте шет тілін терең меңгеруге ниетті қызметкерлерге арнайы тіл курстарын ұйымдастырып, тілдік білу деңгейін анықтайтын сынақты Атыраудан тапсыртуға ұдайы жағдай жасап келеміз. Соның нәтижесінде осы бастамамыз көптеген оқытушылардың шетелден оқу мүмкіндігін иеленуіне септігін тигізді.

Жалпы, оқытушы-профессорларды шетелдік тағылымдамадан өткізу тікелей – халықаралық байланысқа тәуелді. Осы бағыт бойынша Х.Досмұхамедов университеті әлемнің 85 жетекші оқу орнымен халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, білім беру саласы бойынша байланыс орнатты. Оның ішінде  Түркияның 25 университеті бар.   

– Шетелдік оқу орындарымен халықаралық байланысты сабақтастыратын – студенттер. Атырау университеті академиялық ұтқырлық бағдарламасымен студент алмасуда қандай нәтижелерге қол жеткізді? 

– Орынды сұрақ. Министрліктің қолдауымен жүзеге асатын академиялық ұтқырлық бағдарламасы өңірлік университеттердің әлеуетін арттыруға айрықша ықпал етіп келеді. Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелде білім бағдарламасымен университетіміздің 9 студенті Польшаның жоғары мектебі Луис ұлттық университетінде бір семестр оқып келді. Бұдан бөлек, «Орхун» бағдарламасы бойынша 21 студентіміз Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан елдеріндегі жетекші оқу орындарында білім алып жатыр.  Ал, біздің университетімізге  күзгі семестрде түркиялық Каппадокия университетінің магистранты Нұрай Явуз, Эге университетінің магистранты Сулейман Мете Дикмен оқуға келді. Олар қазақ тілі мен мәдениетін, тарихын терең біліп, магистрлік диссертация тақырыптары бойынша зерттеулер жасады. Біреуі оқуын аяқтап, еліне қайтты. Ал, бір жылға келген Нұрай қазақ тілін жетік меңгеріп, волонтер ретінде замандастарына түрік тілін үйретіп жүр.   

Бұдан бөлек, ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы да бар. Яғни, атыраулық студенттер еліміздің Алматы, Астана қалаларындағы және өзге облыстағы жетекші оқу орындарынан бір семестрге оқуға бара алады. Биыл бұл бағыт бойынша жақсы нәтижеге қол жеткіздік. 81 студентіміз өзге аймақтағы 17 оқу орнына білім алуға аттанды.  Әрине, бұл бағдарламаның да басты талабы студенттің оқу үлгерімі, тәртібі жақсы болуы шарт. Біз жақсы оқитын, тәртіпті, белсенді студенттерімізге үнемі қолдау көрсетеміз. Сонымен бірге аз қамтылған отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жастарға, спорттық жарыстар мен республикалық және халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарына да ақылы бөлімде оқитын болса түрлі дәрежеде жеңілдіктер жасаймыз.   

– Шетелдік оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламалары жасақталды ма?

–Университетіміз «Халықаралық Медиация орталығы» РҚ бірлестігінің кәсіби медиаторларымен және Болгария мемлекеті София университетімен өзара серіктестік орнатты. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында атап өткен «Этномедиация оқу орталығын құру керек. Онда тұрақты оқу курстарын ұйымдастырып, аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі даярлықтан өтуге тиіс» деген тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асып отыр. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен болгариялық София университеті бірлесіп магистратура деңгейінде «7М04213 – Этномедиация» инновациялық білім беру бағдарламасын іске қосты. Білім беру бағдарламасы еңбек нарығының қажеттіліктері мен жұмыс берушілердің талаптарын қамтамасыз ететін мамандарды даярлаудың құзыреттілік моделі негізінде дайындалды.

Бұдан бөлек, бірлескен білім бағдарламасын әзірлеуде   Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы Тонгмен университеті, Ресей Федерациясының Астрахан мемлекеттік университеті, Элистадағы Б.Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетімен екі жақсы ынтымақтасты орнатып, байланысты арттырдық.

Ал, шетелдік университеттермен қос диплом бағдарламасын жасауда айтарлықтай істер атқардық. Түркияның  Нийде Омер Халисдемир университетімен бірлесіп «Қазақ тілі мен әдебиеті», Астрахан мемлекеттік техникалық университетімен «Экология» мамандығы бойынша білім беруде өзара ытымақтастық орнатып, түлектерімізге екі елдің жоғары оқу орнының дипломын алуға мүмкіндік жасап отырмыз. Аталған диплом – халықаралық дәрежеде жарамды, екі елде де қызмет атқаруға тиімді болмақ.

–­ Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан 

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз