Жарнама
Білім

Зертхана заманға сай болды

Мұнай-газ өнеркәсібі саласына орта буын мамандар даярлайтын Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі жаңа оқу жылын табысты бастады. Білім беру сапасын арттыру мақсатында оқу орны инновациялық бағыттарға, оның ішінде тәжірибелік білім мен цифрландыруға ерекше көңіл бөлуде.

9ec48923 b158 474b 8583 b4b1fa986a76

Студенттер енді оқу орны қабырғасында алған теориялық білімдерін заманауи зертханалық ортада, нақты өндірістік жағдайға жақын ортада тәжірибе жүзінде іске асырады. Атап айтқанда, «Химия өнімдерінің органикалық синтезі» зертханасы жаңа құрал-жабдықтармен толық жабдықталды.

Мұнда болашақ мамандар спектрофотометр, магнитті араластырғыш, кондуктометр, сандық рефрактометр, пикнометр және басқа да жоғары дәлдікті сандық құрылғыларды қолдана отырып, күрделі зертханалық жұмыстарды сапалы орындай алады.

Бұл құрылғылар студенттерге мұнай өнімдерінің құрамын тек оқулықпен емес, нақты сандық көрсеткіштер арқылы зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, диагностикалық және аналитикалық процестерді автоматтандыру элементтері енгізілген.

e945eb56 24d5 44e7 9498 e7dac743c82c

Колледж басшылығының айтуынша, оқу орны тек жабдықтарды жаңартып қоймай, оқу үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу бағытын да қарқынды дамытып отыр. Оқу полигонын «Магистралды су құбыры» ЖШС қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз еткен. Бұл студенттерге сорап, электр жетекті тиек, айналмалы бекітпелер сияқты нақты өндірістік қондырғылармен танысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, зертханадағы құралдардың басым бөлігі сандық дисплейлермен, деректерді автоматты тіркеу жүйелерімен жабдықталған. Алдағы уақытта зертханаға зерттеу нәтижелерін бұлтты сақтау, деректерді өңдеу бағдарламалары да енгізіледі деп күтілуде.

Қазірдің өзінде зауыттар мен ғылыми-зерттеу орталықтарында қолданылатын пробирка, колба, сандық құрылғылар колледж студенттеріне қолжетімді. Бұл – болашақ мамандардың кәсіби дайындығын күшейтеді, әрі цифрлық сауаттылық деңгейін арттырады.

– Зертханамыздың жаңа құрал-жабдықтармен толыққанын, сонымен қатар цифрландыру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын болашаққа бастар үлкен мүмкіндік деп білемін. Теорияны тәжірибемен ұштастырып, заманауи ғылым әлеміне енуге жол ашылып отыр.
Мұнда біз түрлі органикалық қосылыстарды синтездеп, реакция механизмдерін нақты өлшемдермен зерттейміз. Бұл – химия өнеркәсібіне үлес қосқысы келетін жастар үшін үлкен тәжірибе алаңы. Мұндай қолдау бізге ғылым мен технологияға деген қызығушылықты арттырып, кәсіби тұрғыда қалыптасуға зор серпін береді, – дейді колледж студенті Кенжебай Нұрдәулет.

Колледжде қолға алынған жаңашыл бастамалар – бұл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясының нақты көрінісі. Мұндай өзгерістер тек білім сапасын арттырып қоймай, өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты күшейтуге, әрі жас мамандардың заман талабына сай даярлануына жол ашады.

Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button