Жарнама
Білім

Волонтер психологтар эвакуациялық пункттерде қызмет етуде

Атырауда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, APEC PetroTechnic жоғары колледжіне су тасқынынан зардап шеккен жылыойлық тұрғындар эвакуацияланған уақыттан бері облыстық білім беру басқармасы балаларға қосымша білім беру, оқу әдістемелік және ғылыми-тәжірибелік орталығының педагог-психологтары волонтерлер тобын құрып, психологиялық көмек көрсетіп келеді. Бұл игі іс жуырда тағы да жалғасын тапты.

Мамандар Махамбет ауданы Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылынан эвакуацияланған балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау жұмыстарын жүргізу мақсатында APEC PetroTechnic жоғары колледжінде тренингтер өткізді.

Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, психолог мамандар мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойында позитивті қағидаларды қалыптастыру, психикалық күйін дұрыс басқару дағдыларын үйрету мақсатында «Тез тап», «Пішіндер» логикалық ойындарын жүргізді. Логика мен эрудицияға, белсенділікке, интеллектуалдық білімге негізделген ойын балалардың қызығушылығын арттырды.

-Волонтер психолог Гүлмира Ғұмарова орта және жоғары сынып оқушыларымен тренинг ұйымдастырды. Балалар төтенше апат жағдайында өзін-өзі бақылау, адекватты әрекет дағдыларына үйрену, мазасыздықты және эмоционалдық- психикалық қысымды түсіру, өзара тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру мәселелері бойынша психологиялық түзету-дамыту жұмыстарына қатыса отырып, өздерінің тұлғалық қасиеттерімен, өмірлік бағыт-бағдарларымен, эмоционалдық көңіл-күйлерімен жұмыс жасады, — дейді Э.Тұңғатарова.

Тренинг барысында «Түрлі түстер және эмоция», «Мен және менің қасиеттерім», «Менің ағзам және дыбыстар», «Австралия жауыны», «Орныңды тап» жаттығулары мен сергіту ойындары, метафоралық ассоциативті карталармен жұмыс және «Фрактал» проективті әдістемесі жүргізілді. Жеткіншектер жақсы көңіл күйде кері байланыс жасады.

Айта кету керек, қазір Талдыкөл ауылынан эвакуацияланған 137 бала Атырау қаласындағы APEC PetroTechnic жоғары колледжіндегі эвакуациялық пунктте орналасқан болса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 9 бала бар.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button