ВЕЛОШЕРУ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫНА АРНАЛДЫ
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарованың хабарлауынша, сала мамандарының патриоттық сезімін, тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, ата-бабаларымыздың ерліктерін насихаттау, салт-дәстүрлерін құрметтеу мақсатында ұйымдастырылған велосипедшілер шеруі Атырау қаласынан бастау алып, Сарайшық селосына дейін жалғасты.
«Хан Ордалы Сарайшық» мемориалдық кешенінің директоры, еліміздің мәдениет қайраткері Молдаш Бердімұратов веложүріске қатысушыларға тарихи ескі Сарайшық қаласын таныстырды. Ол өз сөзінде бұл қалада су құбырларының, моншаның, қонақ үйлердің болғандығы туралы Еуропа және Ресей ғалымдарының Сарайшық туралы жазбаларында көрсетілгендігін айта келе, бірқатар жәдігерлердің қазба жұмыстары кезінде табылғандығын және қазіргі таңда су ағысынан қаланың жартысынан көбін өзеннің шайып кеткенін айтты.
Сондай-ақ, ашық аспан астындағы қаланың қалған бөлігін сақтап қалу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқандығын да баяндады.
Шеруге қатысушылар мұражайда қойылған қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлермен және Алтын қайық, Секер көл, Аққу көлдері туралы аңыздардың шығу тарихымен танысты. Бұдан басқа, қала халқының қолөнер, сауда-саттық және керуендер мен саяхатшыларға қызмет көрсету, Жайық өзенінің мол балығы негізгі тамақ түрінің болғандығы және қаланың күйреу себептері туралы мол мағлұматтар алды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.