Жарнама
Білім

Үздік мұғалімдер анықталды

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ғимаратында «Ауыл мектебі-ел бесігі» атты облыстық байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы «Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты» желілік жоспарға сай ұйымдастырылған онлайн байқауға жалпы білім беретін ауыл мектептерінің пән мұғалімдері  қатысты.

d6bff741 5728 4c54 9786 d2cef46629be

Өңірдегі білім беру ұйымдарының педагогтерін қолдау арқылы  шығармашыл педагогтерді анықтап, ауыл мұғалімдерінің қоғамдағы беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған додаға барлығы 22 педагог қатысты.

Жалпы білім беретін ауыл мектептерінің пән мұғалімдері арасында өткен байқау қатысушылары үш кезең бойынша бақ сынасты. Атап айтсақ, «Ауыл мектебінің бейнесі» тақырыбында 5-7 минуттық бейнебаян дайындау,  «Педагог  мәртебесін  көтерудегі  менің педагогикалық идеяларым» атты 2 беттен аспайтын эссе жазу және үшінші кезеңде «Үздік әдістемелік жұмыс» бойынша кіл жүйріктің ішінен шын жүйрік анықталды. Тартысқа толы өткен бәйгеде қатысушылар оқу тиімділігін арттырудағы креативті, әдістемелік бағыттағы шығармашылық  жұмыстарын  ұсынып, тың идеяларын жүзеге асырды.

– «Ауыл мектебі-ел бесігі» облыстық байқауына Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылында орналасқан №3 жалпы орта білім беретін мектептен  қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталдым. Бас-аяғы ІІІ кезеңнен тұратын сайыстың әр кезеңі бойынша жұмыстарымды жіберіп, бағымды сынап көрдім. Мектебіміздің тарихын зерттеу арқылы қазіргі бейнесін бейнеролик арқылы баяндап бердім. Байқауға дайындық барысында кәсіби біліктілігім мен білімім шыңдалды деп айта аламын. Сондықтан жарыстың берері мол болды. Алдымен байқауды ұйымдастырушы Өрлеу біліктілікті арттыру орталығына алғыс білдіремін. Осындай байқауға қатысу арқылы біз білімімізді жетілдіріп, шығармашылығымызды арттырамыз. Осындай байқаулар көбейе берсін, — деді сайыстың І орын иегері Ақмарал Орынбасарова.

Аталмыш байқаудың нәтижесінде Жылыой ауданы №3 жалпы білім беретін мектептің мектеп жанындағы шағын топ тәрбиешісі Ақмарал Орынбасарова топ жарып, жүлделі бірінші орынды еншіледі. Құрманғазы ауданы Абай атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айдана Әділханова, Исатай аудандық білім бөлімінің «Мектеп-гимназиясы» география пәні мұғалімі Нұрлы Мақсотова екінші орынды қанжығаласа, Құрманғазы ауданы М.В.Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қарлығаш Кдыршаева, Исатай аудандық білім бөлімінің «Мектеп-гимназиясы» ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлзира Ержан және Құрманғазы ауданы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Заря Ажгалиева үшінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар, Индер ауданы Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Жанар Жұбанышқалиева «Шебер ұстаз» номинациясын иеленіп, Қызылқоға ауданы Қаракөл орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Лаура Тілегенова «Креативті ұстаз» деп танылды.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деп танылған жеңімпаздарға I, II, III дәрежелі диплом, 2 номинация, әр қатысушыға «Қатысушы сертификаты» табысталды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button