
UTEBAYEV UNIVERSITY-де ғылым апталығы өтіп жатыр
Жоғары оқу орындары – білім беру қызметімен бірге ғылыми зерттеулер мен инновациялардың орталығы. Атырау мұнай және газ университеті де осы бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Жоғары оқу орнында жүргізілетін ғылыми зерттеулер мұнай-газ саласында жаңа технологияларды енгізу, энергетикалық тиімділік пен қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге бағытталған.

Университеттік ғылым студенттер мен ғылыми қызметкерлерге жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асыру үшін алаң ұсынады. Олар түрлі ғылыми жобалар мен зерттеулерді жүзеге асырып, тәжірибе алмасып, саланың озық жетістіктерін меңгеруде. Соның тағы бір айқын мысалы – университетте 7-12 сәуір аралығында Ғылым апталығы өтіп жатыр.
Апталық биыл Жұмысшы мамандықтары жылына арналған. Бұл бастама кәсіби өндірістік ғылым саласындағы жаңа мүмкіндіктермен қатар, тәжірибе алмасуға бағытталған. Апталық барысында түрлі семинарлар, «дөңгелек үстелдер», шеберлік сыныптары, конференциялар ұйымдастырылуда.
Апталықтың алғашқы күні Қаныш Сәтпаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұл іс-шара еліміздің өндірістік ғылымының негізін қалаушы тұлғаны еске алуға арналды.
Ғылым апталығы барысында студенттер арасында Өнеркәсіптік энергетика, Математика олимпиадасы, «Логикалық тапсырмалар» турнирі мен «Ғылым болашағы студенттер көзімен» атты ғылыми жұмыстар конкурсы өтті. «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша Студенттік республикалық пәндік олимпиада білімді студенттерді анықтады.
Аптаның ең басты оқиғасы профессор Сайранбек Ахметовтің мұрасына арналған халықаралық ғылыми конференция болды. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Әзербайжан және Өзбекстан елдерінің ғалымдары қатысып, мұнай-газ саласындағы озық ғылыми зерттеулер мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады. Университеттің докторанттары, магистранттары мен студенттері 40-қа жуық ғылыми жұмысты таныстырды.
Сонымен қатар, 11 сәуір күні университеттің Ғылыми кітапханасы да «Мұнай-газ терминологиясы: қазақ тілінде» тақырыбында шеберлік сағатын өткізеді. Ғылым апталығы 12 сәуірде Атырау облысының тарихи орындарына ұйымдастырылатын Team Building іс-шарасымен аяқталады.
–Осындай іс-шаралар ғылыми салаға деген қызығушылықты арттырып, жастарды еліміздің болашағына үлес қосуға ынталандырады. Ғылым мен технологиялардың дамуы қоғамның тиімділігін, экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Жастардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға, командалық жұмыс дағдыларын нығайтып, өздерін ғылыми ортада көрсетуге мүмкіндік беретін жобалар – болашақта ғылыми және кәсіби салаларда табысты болудың негізі, — дейді UTEBAYEV UNIVERSITY ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ринат Ысқақов.