ЖЕТІ ОҚУШЫ «АЛТЫН БЕЛГІГЕ» ҮМІТКЕР

Кезекті оқу жылының аяқталуына орайластырылған «Соңғы қоңырау» салтанаты Атырау қаласындағы №17 орта мектеп-лицейінде де өзіндік өрнегін тапты.

Бірден айта кетелік, аталмыш жалпы білім беру мекемесі бойынша 2013-2014 оқу жылын 1200 оқушы аяқтады. Білім сапасының деңгейі 74 пайызды құраған. Енді ғана білімнің алғашқы сатысын еңсерген, бірінші сыныпты бітірген 176 оқушының 66-сы оқу озаты, 97-сі оқу екпіндісі атанып, бастауыш сыныптар бойынша алғандағы сапа көрсеткіші 91 пайызға жеткен.
1977 жылы іргетасы қаланып, шәкірттерге есігін айқара ашқан білім беру мекемесі 1996 жылы лицейге айналды. Содан бергі жиырма жылға жуық мезгілде ол уақыт талабына сай, замана үрдісімен үндесетін жаңа тұрпатты мектеп ретінде қалыптасып, талапты да талантты шәкірттердің талай буынын тәрбиелеп шығарды.
Мұнда бірнеше жылдан бері қоғамдық негізде құрылған ата-аналар қауымдастығы (төрайымы Татьяна Алексеенко) жемісті қызмет атқарып, өскелең ұрпақтың жеке тұлға ретінде қалыптасуына өзіндік үлесін қосып, ұстаздарға сенімді көмекші болып келеді. Осындай жан-жақты қамқорлық пен қолдауды сезінген шәкірттер де ұлағаты мол алтын ұяларының туын әр кез жоғары ұстап, биіктерден көрінуде. Қалалық, облыстық, қала берді республикалық пәндік олимпиадалардың, түрлі деңгейдегі ғылыми жобалар сайыстарының жеңімпаздары атануда. Бір ғана дерек, тек биылдың өзінде, сексеннен астам мектеп бітірушінің 65-і санаулы күндерден соң өтетін ҰБТ сынағына қатысатын болса, 16-сы мемлекеттік емтихан тапсырады. Түлектердің жетеуі «Алтын белгіге» үміткер.
Бұл туралы баяндаған мектеп-лицей директоры Дариға Балтабекова барша әріптестерін, оқушылар мен ата-аналар қауымын кезекті оқу жылының ойдағыдай аяқталуымен құттықтады.
Сондай-ақ, салтанатты жиынға қатысушыларды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева мен Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова аймақ пен шаһар әкімдіктерінің атынан құттықтап, ел ағаларының сәлемін жеткізді.
Қалыптасқан дәстүрден жаңылмаған түлектер соңынан ерген ізбасарларына Аманат-хатын тапсырса, бірінші сыныпты бітірген балдырғандар аға-апаларына арналған құттықтау-тілектерін жыр жолдарымен жеткізіп, естелік сыйлықтарын ұсынды. Ұстаздарға да осындай сый-құрмет көрсетілді. Өнерлі өрендер салтанатты сәтті әсем әуен-әндерімен әрледі.
Көп кешікпей күміс қоңыраудың да сыңғырлаған үні естіліп, тебіреніс пен толқынысқа толы ерекше бір әсерге бөледі.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз