UTEBAEV UNIVERSITY-де AI HUB ашылды
Жасанды интеллект – қазіргі білім мен технологияның ажырамас бөлігі. Енді бұл бағытта UTEBAYEV UNIVERSITY-де үлкен қадам жасалып, білім ордасының қабырғасында AI HUB орталығы ашылды. Бұл бастама М.Асаубаева қорының қолдауымен жүзеге асып, білім беру процесін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
AI HUB-тың басты мақсаты – жасанды интеллектті білім беру жүйесіне интеграциялау, студенттер мен оқытушылар үшін білім алуды жеңілдететін интеллектуалды шешімдер әзірлеу. Сонымен қатар орталық талапкерлер мен студенттермен автоматтандырылған байланыс орнатуды мақсат етеді.
–Біз технологияны тек зерттеп қана қоймай, оны нақты білім беру үдерісінде қолдануды көздейміз. Бұл университеттің цифрлық трансформация жолындағы маңызды қадамы, — дейді орталықтың жетекшісі, магистр, аға оқытушы Ақмарал Әбдіғалиева.
AI HUB негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Ең алдымен, білім беруді автоматтандыру – жасанды интеллект көмегімен оқытушылардың жұмысын жеңілдету және студенттердің білім алуын жекелендіру. Ақылды жүйелер әзірлеу – университеттің талапкерлермен және студенттермен өзара әрекеттесуін оңтайландыру. Зерттеулер мен инновациялар – жасанды интеллектке негізделген жаңа технологияларды дамыту.
Жаңа орталықтың жұмысына білікті оқытушылар мен талантты студенттер жұмылдырылды. Олар алдағы уақытта тың жобалар әзірлеуді жоспарлап отыр.