ҰСТАЗДАРҒА — МЕРЕКЕЛІК МАРАПАТ
Тәуелсіздік – ең қастерлі де қасиетті құндылығымыз. Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы мемлекеттің мерейін асырған осы құндылық хақында, мәңгілік мұрат-мақсаттарымыз бен бүгінгі міндеттеріміз туралы мәнді ой өргізген болатын.
Елбасымыздың бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің ұстаздар қауымының мәртебесін көтеріп, ұстаз деген ардақты мамандықтың абыройын асқақтатады. Осының айқын дәлеліндей, «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов айтулы мерекеге орай бір топ кәсіподақ белсендісін құттықтап, оларға сый-сияпат табыс етті.
Атап айтар болсақ, Атырау облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназия мұғалімі Айгүл Жұмабаева мен Индер ауданы «Балапан» бөбекжай-бақшасының орыс тілі пәнінің мұғалімі Салтанат Қалидуллина – облыс әкімінің Алғыс хатымен, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Өтемісова мен Атырау облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназия мұғалімі Эльмира Жолдасова облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.
Лиза СЕЙТІМОВА