Жарнама
Білім

Ұстаздардың кәсіби дамуы – бүгінгі басты міндет

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің болашағы үшін аса маңызды жаңа міндеттерді айқындады. Президент атап өткендей: «Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс». Бұл – қазіргі заман талабы әрі Қазақстанның болашақтағы интеллектуалдық әлеуетін нығайтудың шешуші жолы.

Мемлекет басшысы өз сөзінде цифрлық дәуірдің ерекшеліктерін айта келе: «Цифрлық ауқымды жаңғырту экономикаға жаңа талаптар қояды. Бұл ретте білім беруге айрықша рөл жүктеледі», – деді. Шын мәнінде, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына дендеп еніп, еңбек нарығының құрылымын өзгертіп отыр. Әлемде осы саладағы құзыреттерді меңгерген мамандарға сұраныс күн сайын артып келеді. Сондықтан бұл бағыттағы білім мен дағдыларды ерте жастан, мектептен бастап қалыптастыру – уақыт талабы.

Алайда, жас ұрпаққа сапалы білім берудің негізі ең алдымен ұстаздардың кәсіби деңгейіне байланысты екені сөзсіз. Президентіміздің: «Педагогтер жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыруы керек», – деген тапсырмасы осы бағыттағы жұмыстың маңыздылығын айқындап берді.

Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп жаңа бағдарламаны іске қосты. Бұл бағдарлама халықаралық тәжірибе негізінде әзірленіп, қазақстандық білім беру жүйесіне бейімделген. Оның басты ерекшелігі – жасанды интеллект құралдарын білім беру процесінде тиімді әрі этикалық тұрғыдан дұрыс қолдануға бағытталуы.

Бағдарлама барысында педагогтер жасанды интеллект құралдарын меңгереді, оның ішінде промпт жазу әдістерін пайдалану, сабақ жоспарлау тәсілдерін жетілдіру, тестілер мен оқу материалдарын әзірлеу, иллюстрациялар жасау және оқу мазмұнын түрлендіру, сондай-ақ оқушылардың қызығушылығын арттыру жолдарын үйренеді.

Бағдарлама жасанды интеллектіні педагогтің орнын алмастырушы емес, оның кәсіби қызметін жеңілдететін сенімді құрал ретінде қарастырады. Бұл ұстаздарға шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуге, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға және оқушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа бастама ұстаздар тарапынан үлкен қолдау тапты. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мәліметіне сүйенсек, жасанды интеллект курсына қатысқандар саны қазірдің өзінде еліміз бойынша 170 мыңнан асты. Бұл – мұғалімдердің заманауи технологияларды меңгеруге деген зор қызығушылығы мен сұранысының айқын дәлелі.

Осы тұрғыда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты өңір ұстаздарының кәсіби дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Институт мұғалімдерді жаңа цифрлық құзыреттерге, соның ішінде жасанды интеллектті меңгеруге оқыту арқылы білім сапасын арттыруға үлес қосуда.

Президентіміздің: «Жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс» деген сөзі барша педагогтер үшін стратегиялық бағдар болып отыр. Ұстаздардың кәсіби дамуына жағдай жасау арқылы біз жас ұрпақтың болашағына, елдің интеллектуалдық капиталына инвестиция салып отырмыз.

Атырау өңірінің педагогтері үшін Кәсіби даму институтының жаңа бағдарламалары мен курстары – осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың нақты тетігі. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды үлес.

Маржан ҒАЛЫМЖАНОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button