Ұстаздар ұстаханасы
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – елдің іргелі оқу орындарының бірі. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің 1939 жылғы қаулысының негізінде 1940-1941 оқу жылында тұңғыш шәкірт қабылдаған Гурьев оқытушылар институты түрлі себептермен жабылып, 1950 жылғы тамыз айынан бастап физика-математика, филология және жаратылыстану-география бөлімшесі, бес кафедрасы бар институт қайтадан жұмысқа кіріскен.
Содан бері талай асулардан өткен жоғары оқу орнына биыл 2381 жас оқуға қабылданыпты. Оның 713-і түрлі грантпен білім алады. Соңғы жылдары Атырау университетіне өзге облыстардан келген студенттер саны да арта түсті. Профессор-оқытушылардың құрамында 15 ғылым докторы, 95 ғылым кандидаты, 34 PhD, барлығын қосқанда 406 адам штатта оқытушы болып жұмыс істейді. Бұл туралы жоғары оқу орнының Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисовтың есеп беру жиынында айтылған еді.
– Былтыр түлектердің жұмысқа орналасуы 74,5 % болса, биыл көрсеткіш 87 %-ға жетті. Университет командасы Дүниежүзілік банктің «Педагогикалық білім әлеуетін нығайту» жобасы негізіндегі «Педагогикалық ғылымдар» саласында жоғары оқу орындары арасындағы бірлескен 30 білім бағдарламасын жасақтауға белсенді қатысты. Академиялық сұрақтар бойынша университеттен 7 қатысушы педагогикалық білімді модернизациялау бойынша офлайн және онлайн курста оқып, арнайы тағылымдамадан өтті. Қазір докторантурадан кейінгі университеттік бағдарлама іске асып жатыр. Былтырғы жылдың бірегей жобасы саналатын «Ұстаз» ұлдар мектебін 35 түлек бітірді, — деп Саламат Нұрмұханұлы келешек даму және жұмысын саралау мақсатында білім ордасы рейтингтерге қатысып отыратынын да жасырған жоқ.
Атап айтқанда, «Атамекен» ҰКП өткізген 2022 жылғы білім бағдарламалары рейтингтерін анықтау нәтижесі бойынша 37 бағдарламаның ішінен 25-і үздіктер қатарында болыпты. Тағы бір ерекше жетістік – былтыр жалпы құны 259,9 миллион теңге болатын 22 ғылыми жоба іске асса, биыл қаржыландыру көлемі 1 082 957 580 теңгені құраған.
Қазір университет сайты республика бойынша «Webometrics Ranking of World Universities» рейтингінде 26-орынға көтерілген. Бұған дейін ол 35-орында болған еді. Қазір Атырау университеті осы әлемдік рейтинг бойынша 8188-орында.
Тағы бір ақжолтай жаңалық – университет «UI GreenMetric-2024» әлемдік университет кампустарының сапасы мен экологиялық тұрақтылығын бағалау рейтингінде 1477 университеттің ішінде 586-орын, ал Қазақстанның 28 жоғары оқу орындары арасынан 7-орынды иеленді. Көрсеткіш былтырғы нәтижемен салыстырғанда әлемдік деңгейде 9%, Қазақстан ЖОО-дары арасында 8%-ға көтерілген.
Сонымен қатар, оқу орны «энергетика және климаттың өзгеруі» көрсеткіші бойынша 5-орынға, «көлік» көрсеткіші бойынша 4-орынға, ал «су» көрсеткіші бойынша Қазақстанның ЖОО-дары арасында 3-орынға қол жеткізген. Бұл жетістіктер тұрақты даму мақсаттарына ұмтылуға және экологиялық көрсеткіштерді одан әрі жақсартуға ынталандырады.
Университет ұжымы экологиялық тұрғыдан орнықты шешімдер енгізіп, келешек ұрпақ үшін қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға үлес қосуды көздеп отыр.
Еркеназ ҚАЛИЖАН