Ұстаздар ұлықталған күн
М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрына ардагер педагогтер мен ардақты ұстаздардың қатары көп жиналды. Облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырған салтанатты жиында жүздеріне күлкі үйірілген бала жанының бағбандарын бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкенов төл мерекелерімен арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Бүгін маңызды мерекелердің бірі – ұстаздар күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Білім жүйесінің жүрегі де тірегі де ұстаздар. Еліміздің дамуына аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы. Ұстамы жақсы адам да, мықты маман да ұстаздың тәлімін алған. Бұл ұстаз деген есімнің абыройлы һәм мәртебелі екендігін көрсетеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, білім саласын дамытып, ұстаздарға қолайлы жағдай жасауға тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде өңірдегі ұстаздарымыздың еңбегінің нәтижесінде жетістіктеріміз жетерлік. Оқушылардың білім жетістіктерін бағалауға арналған PISA Халықаралық бағдарламасы бойынша аймақтағы оқушылардың білім сапасы өсіп келеді. Әлбетте бұл ұстаздарымыздың төккен терінің арқасында деп білемін. Әлемдік деңгейдегі білім жарыстарында жеңімпаз, жүлдегер болып жүрген оқушыларымыз да аз емес. Биыл 145 оқушы білім бәйгелерінен жүлделі оралды. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам ұстазымыз өз біліктіліктерін үнемі жетілдіріп, жоғары көрсеткіштерге жетіп жүр. Жуырда ғана қалада «жайлы мектеп» жобасы бойынша екі мектеп пайдалануға берілді. Өңірде осындай 12 мектеп бой көтереді. Мұның барлығы ұстаздардың шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Болашақта да осындай талаппен мектептер салынады. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді Серік Жамбылұлы.
Өз кәсібіне адал берілген ұстаз қай дәуірде де бағалы, қай уақытта да құрметке лайық. Жиын барысында қуанышты күндерінде кәсіби шеберліктерімен биік тұғырынан көрінген бір топ ұстаз Ыбырай Алтынсарин, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, «Еңбек ардагері», облыстық ардагерлер кеңесінің медальдарымен марапатталды.
Марапаттарды аймақ басшысымен қатар, облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов тапсырып, құттықтады.
«Ұстаз – күннің сәулесі. Егер күн төңірекке жылу сыйласа, ұстаз шәкіртіне нұрын шашады» деген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов те ұстаздар қауымына мерекелік лебіз білдірді.
Салтанатты жиында Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық Музыка Академиясы «Атырау музыка колледжі», «Қарақат» өнер мектеп студиясының жетігеншілер ансамблі, «Дархан» өнер мектеп- студиясының, Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының «Қазына» би ансамбльдері, «Musician» өнер мектебінің оқушылары, «Adage» квартеті өнер көрсетті.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ