Ұстаздар ұлықталған күн
ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫҚ ҚЫЗМЕТ, ТАҒЫЛЫМЫ ТЕРЕҢ ӨНЕР. ӨЙТКЕНІ, ӘР БАЛАНЫ БІЛІМ НӘРІМЕН СУСЫНДАТЫП, ОНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІНЕ ҮҢІЛІП, ЖҮРЕГІНЕ ШАПАҒАТ НҰРЫН ТӨГУ КЕЗ-КЕЛГЕННІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛМЕЙТІН ІС. КЕШЕ ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ САРАЙЫНДА АРДАҚТЫ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ОБЛЫС ӘКІМІ СЕРІК ШӘПКЕНОВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ. КЕШТЕ АҒАРТУ ІСІНЕ ЗОР ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН БІР ТОП ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ.
Салтанатқа жергілікті білім ордаларының басшылары мен ардагер ұстаздар, өңір педагогтары қатысты. Мұғалімдерді төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Серік Шәпкенов жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру ісіндегі ұстаздарға шынайы ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайын, біліктілігін арттыру және жан-жақты жағдай жасау мақсатында түрлі шаралар қабылданып, жоспарлы түрде және кезеңкезеңімен әлеуметтік мәселелері де шешімін тауып келе жатқанын атап көрсетті.
– Ұстаз – адамгершілік секілді асыл қасиетті бойына сіңірген ұлы тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сәйкес «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ұстаздар мен балаларға жағдай жасау үшін қомақты қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Мектептің сырты, құралжабдығы жақсы болғанымен, ішін де ойлауымыз керек. Ал, «іші» дегеніміз – осы отырған ұстаздар. Еліміздің болашағы адал әрі ұлтжанды ұрпақты тәрбиелейтін – мұғалім. Біз ұрпағымызды мұғалімге ғана сеніп тапсырамыз. Балаға алғашқы әріптен бастап үйретіп, өмірлік жолына бағыт-бағдар беретін де – ұстаздар. Қандай ел болмасын, ең алдымен ұстазды құрмет тұтады. Осы сәтті пайдалана отырып, арамыздағы ардагер ұстаздарға өңірдің барша тұрғындары атынан алғыс білдіріп, басымды иемін. Әр баланы тұлға етіп тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Ұлт ұстазы, қазақтың өткен ғасырдағы руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы», — депті. Арада бір ғасыр өтсе де, алаш арысының бұл сөзі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Өңірдегі сан мыңдаған балаға білім үйретіп, отаншылдық рухта тәрбие тағылымын дарытқан сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Еңбектеріңіз еленіп, шәкірттеріңіз өздеріңізден озып, еліміздің тәуелсіздігін қорғап, абыройын асқақтата бергей, — деді Серік Жамбылұлы.
Атырау облысы әкімдігінің арнайы тағайындаған «Атырау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі марапатына былтыр атыраулық 3 педагог лайықты деп танылса, биыл да игі дәстүр жалғасын тауып, білім беру ісіне еңбек сіңірген ұстаздар ұлықталды.
Облыс әкімі осы төсбелгімен Исатай ауданындағы «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Алма Ғибатуллина, Новобогат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бибігүл Төлеуова және Атырау политехникалық жоғары колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Нұрлы Нұржанды марапаттады. Салтанатты шара барысында ардагер ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылып, сахна төрінде танымал өнерпаздар Отан, ұстаз туралы әндер шырқаса, мәдениет сарайы алаңын музыкалық ансамбль классикалық әуенмен әрледі.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ