Ұстаз ұлағаты – ұрпаққа өнеге
«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес,
өзгенің бақытын аялау,
өзінің уақытын аямау»
Жан-Жак Руссо,
француз ағартушы-педагогы
Ұстаз – киелі мамандық. Адам тәрбиелеп, оған ғылым негіздерінен мәлімет беру, баланы өмір сүруге үйрету – қасиетті де қиын міндет. Оқушыны Отанды сүюге, адами тазалық пен ізгілікке баулу – ұстаздың басты парызы. Ол үшін ұстаз қазіргі заманға лайық өзінің білім беру ісінде рухани, креативті ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технологияны меңгерген, білімі мен білігі жоғары болуы шарт.
Осындай әмбебап қасиеттерді бойына жиған ұлықты ұстаз, аға мұғалім, Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институты (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) «Тарих» мамандығының түлегі – Әсия Кәрімова.
Өскелең ұрпаққа өнегелі өсиеті мен үлгілі сөзін, қадірлі қызметін қалдырған Әсия апай 1929 жылы Нарын өресіндегі Бегайдар құмында туған. Ол алғашқы еңбек жолын 1946 жылы Новобогат ауданының М.Горький атындағы орта мектебінде бастайды. Үш жылдан соң осы ауданға қарасты Л.Каганович атындағы №7 орта мектепте тарих, география, химия, биология пәндерінен сабақ беріп, мұғалімдік қызметін жалғастырған Әсия анамыз ұстаздық қасиетін шыңдай отырып, 1954-1958 жылдары К.Маркс және Амангелді атындағы орта мектептерінде өз шәкірттерін білім нәрімен сусындатты. Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында Балықшы ауылдарының Жайық өзені бойына қоныс аударуына байланысты, Әсия Кәрімова да отбасымен Балықшы кентіне көшіп келіп, №8 жеті жылдық, №1 кешкі жұмысшы және жастар орта мектептерінде болашақ ел азаматтарын қалыптастырды.
Ал, 1970 жылдан бастап, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін №25 Құрсай орта мектебінде тарих және қоғамтану пәндерінен сабақ беріп, оқушыларына сапалы білім мен саналы тәрбиенің дәнін сепкен, ұлағатты ұстаз деңгейіне көтерілді.
Қазір айтылып жүрген «Ұстаз шәкіртімен мақтанбау керек, шәкірт өз ұстазымен мақтана білу керек», – деген қанатты сөз бар. Шынында да, сан мыңдаған шәкірт Әсия апаймен мақтана білді. Өлшеусіз еңбек өз зейнетін беріп, Әсия Кәрімова 1972 жылы Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері атанып, 1978 жылғы 27 маусымда «Құрмет белгісі» орденімен, 1979 жылы 28 қыркүйекте «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Қазақ КСР Оқу министрінің №117 бұйрығы бойынша 1982 жылы 31 желтоқсанда «тарих және қоғамтану пәндерінің аға мұғалімі» мәртебелі атағына ие болды. Республикалық, облыстық педагогикалық оқуларға үзбей қатысып, оқу-әдістемелік жұмыста педагогикалық шеберлікті, мұғалімнің кәсіби мәдениетін жетілдіруге бағытталған аса құнды баяндамаларын ұсынды.
Мұғалімнің кәсіби шеберлігі өз пәнін терең білу, сабақты ұйымдастырып, жүргізе білу, кездескен қиындыққа төзіп, оны жеңіп шығу, шығармашыл ізденістер арқылы жұмыстың жаңа бағыттарын таба білу; өз кәсібіне бейімі мен қабілетін таныта алмайтын ұстаздарға көмек көрсету, мұғалімнің әдептілігі, сөйлеу мәдениеті, киім киісі мен сырт пішінінің жарастығы тәрізді бірнеше шарттан тұрады.
Осындай кәсіби педагогикалық шеберліктің сан қырлы шарттарын өткен ғасырдың 70-жылдарында-ақ терең әрі жан-жақты меңгерген Әсия Кәрімқызы әріптестері мен шәкірттері арасында абырой мен беделге бөленді.
Мұғалім алдынан бір-біріне ұқсамайтын, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар шәкірттер өтеді. Әр баланың жан дүниесін танып білу, әрі жеке тұлға етіп қалыптастыру – мұғалім үшін басты міндеттердің бірі. Ұстаздық қызметіне қай уақытта да адалдық танытқан, 40 жыл мұғалім болса да, 45 минуттық сабағына жанкештілікпен дайындалып келетін, алдында отырған оқушыларын өзінің ұл-қыздарынан артық көрмесе, кем көрмейтін Әсия апай қоғамның белсенді құрылысшыларын тәрбиелеуде, олардың азаматтық тұлғасын танытуда, сапалы білімді санасына сіңіруде ұстаздық ұлағатын айқын көрсете білді.
Әсия Кәрімқызы да күнделікті сабақ материалында қоғамдық-саяси өзгерістерге сергек қарай отырып, әрбір тарихи фактіге объективті баға беріп, оқушыларының ой-өрісін саяси сауаттылыққа тәрбиеледі. Мектепте Қазақстан тарихының оқытылуына жаны күйзелсе де, өз шәкірттерінің тұла бойына ұлттық менталитет пен ұлттық рухты қалыптастыруға күш салды.
Оқыту әдістерінің кез-келген түрін жандандырып, тәжірибеде қолдану мұғалімнен шығармашылық ізденісті талап етеді. Осы тұрғыда өз мақсатына жетпей тынбайтын, мамандығын жан-тәнімен сүйетін Әсия апай талмай еңбектеніп, педагогикалық шеберлігін үнемі шыңдап отырды.
Сабақтан тыс уақытта оқушыларын шығармашылықпен айналысуға баулыды. Нәтижесінде апайдың дайындаған ондаған шәкірттері аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларда бақтарын сынап, жүлдегерлер сапына қосылды. Шығармашылық ізденіссіз бір күні өтпейтін ардагер ұстаз өз пәнінің бағдарламасына сәйкес сынып сағаттарын жиі өткізумен қатар, қайта құру кезеңінен бастап ұлтымыздың қатпарлы тарихын тереңірек зерттеуге зерделі оймен кірісіп, Алаш жұртына бұрын-соңды беймәлім болып келген елін, жерін қорғаған ержүрек батырларды, халқымыздың басын біріктірген хандар мен билерді ұлықтауға арналған танымдық сабақтар ұйымдастыруды өзіне зор міндет әрі биік мәртебе санады.
Жүзінен жылылық сезілетін Әсия Кәрімқызы өзінің білімдарлығымен, салмақтылығымен, әр сөзін жүректен шығарып, жүрекке жеткізетін сезімталдығымен, әр сабағын қызықты да тартымды өткізетін шеберлігімен, аналық мейірімімен ерекшеленетін. Шәкірттерінің жан дүниесін түсінуге тырысып, сыныптағы әр оқушының мінез-құлқын, оның ерекше қасиеттерін, жанұядағы жағдайын да біліп отыратын.
Өзім жас мұғалім санатында жүріп, зейнеткерлікке шыққан Әсия апайдан: «Мұғалім қандай болуы керек?» – деп сұрағаным бар. Сонда апай: «Мұғалім ең алдымен мейірімді, адал, баланы жақын көретін, білімді, саяси сауатты болуы қажет. Меніңше, мұғалім мынадай болуы керек деп ойлаймын: шыдамы шексіз, көңілі кексіз, еңбегі ерен, білімі терең, ардақты адам болуы керек», – деген болатын. Бұл сөздер біз секілді жас мұғалімдерге өнегеге толы мотивация болды деп ойлаймын.
Әсия апай Кәрімқызы 1950 жылы Жұмабай Сапанов екеуі отау көтереді. Ағамыз да Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі, өңірге белгілі қаржыгер, ширек ғасырдан астам Балықшы аудандық білім беру бөлімінің бас есепшісі қызметін атқарды. Әсия апай ардақты ана атанды, Сапановтар әулетінде 9 перзент тәрбиеленіп өсті, ұстаздар династиясы қалыптасты.
ХХІ ғасырға қадам басқан қоғамда мұғалімге артылатын жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Бүгінгі мектептің басты міндеті – өзіндік ой-көзқарасын ашық айта алатын, өмірге бейім тұлға қалыптастыру болса, оған мұғалімнің шәкіртіне сүйіспеншілігі, оны тұлға ретінде бағалауы – оқушының адамдық қасиеттерінің дамуына басты кепіл.
Осы тұрғыдан алғанда, ардагер ұстаз Әсия Кәрімованың озық іс-тәжірибесін бүгінгі күнмен сабақтастыра білсек, мектеп ұжымының да, мұғалімдер қауымының да ұтары көп болар еді.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті,
шәкірті