ҰҚК қызметкерлері балаларға оқу құралдарына толы сөмке табыстады
Бүгін «Мектепке жол» акциясы аясында Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері М. Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына оқу құралдарына толы сөмкені табыстады.
Биылғы оқу жылында аталған білім ордасының табалдырығын 1100 шәкірт аттайды. Оның ішінде 110 оқушы – аз қамтылған отбасы балалары. Мектеп директоры Айнагүл Мәжекованың айтуынша, күні бүгінге дейін акция шеңберінде осындай отбасынан шыққан 50-ге жуық оқушы спорттық киім, аяқ киіммен қамтылған. Бұл жолы бастауыш сыныпта оқитын 20 балаға Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкері Ерлан Айкенов мекеме атынан оқу құралдарына толы сөмкені табыс етті. Жаңа оқу жылы алдында жаңа сөмкеге ие болған балалар мен олардың ата-аналары ризашылықтарын білдіріп, еңбектеріне толайым табыс тіледі.
Айбөпе САБЫРОВА