Жарнама
Білім

Университеттегі цифрлық серпіліс

Бүгінде қай салада болмасын цифрландыру бағыты – басты талаптардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар ілгерілемей, табысты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Осы орайда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде қандай жаңашылдықтар жүзеге асырылуда?

10cf16a9 0cc1 4c34 bdee 4240d9bb7352

Университет ректорының академиялық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Нұркен Ахметовтің айтуынша, оқу үдерісінің барлық кезеңі – университетке қабылдау, оқу-әдістемелік қолдау, студенттердің пәндерге тіркелуі, сабақ кестесі, емтихандар, прокторинг, бітіру және диплом беру Study Space ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Аталған жүйе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бірыңғай жоғары білім беру ортасы ақпараттық жүйесімен толықтай интеграцияланған, бұл барлық үдерістің ашықтығы мен тиімді бақылауын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, университет Study Space жүйесін әзірлеушілермен тығыз байланыс орната отырып, жүйенің мүмкіндіктерін кеңейтіп, министрліктің аталған жүйесімен интеграцияны айтарлықтай жетілдірді.

— Университет студенттерге арналған қосымша білім беру мақсатында жаппай ашық онлайн курстар платформаларын белсенді қолдануда. Соңғы екі жылда 1000-нан астам студент Coursera платформасындағы тегін онлайн курстарды аяқтап, халықаралық деңгейдегі сертификаттарға ие болды. Бұл өз кезегінде студенттерге АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттерінің базасында қосымша білім мен құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік берді, – дейді Н.Ахметов.

Университетте барлық жазбаша жұмыстар – дипломдық жобалар, магистрлік және докторлық диссертациялар, сондай-ақ оқытушылар әзірлеген оқу-әдістемелік құралдар, монографиялар мен ғылыми мақалалар “Антиплагиат” жүйесі арқылы міндетті түрде тексеріледі.

Сондай-ақ университеттің оқытушылары мен студенттері жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Барлық білім беру бағдарламасына “Жасанды интеллект негіздері” пәні енгізілген. Бұл пән студенттердің цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға зор ықпал етуде.

Айта кету керек, университет кітапханасы электрондық қызметтерді жаңғыртуды сәтті аяқтап, жаңа автоматтандырылған, интеграцияланған “МегаПро” кітапхана жүйесін енгізді. Бұл жүйе оқу орнының кітапханасына білім беру мен ғылыми қызметтің заманауи талаптарына сәйкес жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік берді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button