Жарнама
Білім

Ұлттық білім жүйесі жаңа технологиямен үндесуі тиіс

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесінің болашағына қатысты айтылған ойлары біз, ардагер ұстаздар қауымын ерекше толқытты. Себебі білім – ұлттың рухани тірегі, ал оны заман талабына сай дамыту – мемлекет тағдырын шешетін мәселе.

Менің ұстаздық еңбек жолым өткен ғасырдың 80-90 жылдарынан басталды. Ол кезде білім беру жүйесі қатаң тәртіпке негізделген еді: мектептегі бағдарлама бірыңғай, оқулықтар бірізді, бүкіл ел бойынша талап ортақ болатын. Мұғалім беделі жоғары, қоғамдағы ең сыйлы мамандықтардың бірі саналатын. Әрбір бала ауылда да, қалада да бірдей білім алды. Бірақ ол кезде техникалық құралдар, заманауи зертханалар жоқтың қасы еді, білім беру көбіне мұғалімнің тәжірибесі мен кітапқа сүйенді.

Ал қазір жағдай мүлде бөлек. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дүниені түбегейлі өзгертіп жатыр. Бүгінгі бала ақпаратты кітаптан емес, интернеттен, ал кейде тіпті жасанды интеллектен алады. Егер біз соған ілеспесек, ұрпағымыз жаһандық бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Президент атап өткендей, жасанды интеллект негіздерін меңгеруді мектеп қабырғасынан бастау қажет. Бұл – бұрынғы жүйеден ең үлкен айырмашылық.

Бұрынғы мектеп тәртіп пен ізденіске баулыды, бірақ таңдау мүмкіндігі шектеулі болды. Қазіргі білім беру жүйесі керісінше – еркіндік пен шығармашылыққа жол ашып отыр, алайда тәртіп пен жауапкершілікті әлсіретіп алмауымыз керек. Осы тепе-теңдікті табу – басты міндет.

Президент ұсынған «Qazaq Digital Mektebi» – бұрынғы дәуірде мүлде ойға да келмейтін жаңалық. Егер ол іске асса, ауылдағы бала қаладағы оқушыдан кем түспейді. Бұл – әділетті қоғам құрудың бір қадамы. Бұрын біз шалғай ауылдардағы дарынды балалардың қалаға келмей-ақ сапалы білім алатынына сенбейтінбіз. Енді сол арманға қол жетпек.

Тағы бір ерекшелік – мемлекет пен бизнестің білім саласына араласу моделі. Біздің кезімізде бар жауапкершілік тек мемлекетке жүктелетін, ал қазір жеке сектор да балабақша, мектеп салуға үлес қосып жатыр. Бұл – заман талабы әрі дамыған елдердің тәжірибесі.

Мен, ардагер ұстаз ретінде, бір нәрсені айтқым келеді: біз бұрынғы білім жүйесінен еңбекқорлық пен тәртіпті, ал қазіргі жүйеден технология мен еркін ойлауды үйлестіре алсақ, онда нағыз «білім экономикасын» қалыптастыра аламыз. Президент көтерген бастамалар осыған толық мүмкіндік береді.

Ұстаздар мен ата-аналарға айтарым, бұрынғының жақсысын сақтап, жаңа заманның игілігін дұрыс пайдалануымыз қажет. Сонда ғана болашақ ұрпақ әлемдік өркениетке тең қадам басады.

Маруға ӘБІЛОВА,

ардагер-ұстаз

Атырау қаласы

Сурет: ortcom.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button